Атырау облысында жылына 1 млн 250 мың тонна полиэтилен өндіретін «Силлено» зауытының құрылысы кесте бойынша жүріп жатыр

Атырау облысында жылына 1 млн 250 мың  тонна полиэтилен өндіретін «Силлено» зауытының  құрылысы кесте бойынша жүріп жатыр. Бүгінде құрылыс алаңында болашақ өндірістік нысандардың қадасы қағылып, іргетасы құйылуда. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары кезінде құрылыс алаңын аралап, алып жобаның құрылысын қадағалады.

Арнайы экономикалық аймақта құрылыс қарқынды: Этилен өндірілетін пиролиз қондырғысында қада қағу аяқталып, іргетасы құйылып жатыр. Құбыр эстакадаларын орнатуға арналған құрастырмалы темірбетон және металл конструкцияларын монтаждау да қатар жүруде. Қазмұнайғаз басшысы жұмыс барысымен танысты.

АСХАТ ХАСЕНОВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінгі таңда 2000 адам жұмыс жасап жатыр қазір құрылыс барысында. Бұдан басқа бізде мультипликативті эффект деп айтып жатырмыз. Оның барысында бұл тек қана құрылыс жұмыстарына ғана ықпал жасамай, бұдан кейінгі бізде полиэтилен, полиэтиленнен өндірілетін тауарларды шығару – ең басты мультипликативті эффект.

Елімізде мұнай-газ-химиясы кластерін дамыту  аясында іске асырылып жатқан өңдеу өнеркәсібіндегі бірегей жобада  қазақстандық қамту үлесін  ұлғайтуға ерекше назар аударылып отыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының негізгі көлемін отандық мердігер ұйымдар орындауда. Жергілікті АтырауНефтеМаш кәсіпорнында жасалған биіктігі 30 қабатты үйден жоғары ірі бағана зауыттың құрылыс алаңына жеткізілді.

АСХАТ ХАСЕНОВ, «ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бұл жоба Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатыр. Біздің ең басты міндетіміз – бұны уақытында және сапалы бітіру. Бүгінгі таңда өзіңіз көрдіңіз, мына этилен сплиттері деп айтып жатырмыз, 1500 тонна салмағы, 100 метрден астам биіктігі қазіргі таңда келді. Басқа да енді көптеген өзіміздің ішкі тауар өндірушілер біздің бүкіл сосудтарды айтып жатырмыз, мына металлоконструкцияның біраз бөлігі, бұдан басқа бетондық жұмыстар, барлығы осы Қазақстандық үлесті, Қазақстандық компаниялармен іске асырылып жатыр.

Болашақта 15 мың адам жұмысқа тартылмақ. Олардың басым бөлігі - еліміздің азаматтары болады.

ӘСЕТ НУГЕРБЕКОВ, “СИЛЛЕНО” ЖШС ҚҰРЫЛЫС ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:

Жүк көтергіштігі 4 мың тонна, 2 мың тонна және одан төмен крандар сияқты бірегей, ірі тоннажды жабдықтар тартылды. Биылғы басты міндет — этанды алғашқы өңдеу қондырғысы болып табылатын пиролиз қондырғысына жабдықтарды монтаждау. Бұл жобаны мерзімінде, яғни жиырма тоғызыншы жылы аяқтау үшін жобалық өнімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Полиэтилен өндірісі Қазақстанның импортқа тәуелділігін азайтып, қосылған құны жоғары өнім өндіруді дамытуға мүмкіндік береді. Өндірілген өнім ішкі нарықтың сұранысын толық дерлік қамтамасыз етеді.