Маңғыстауда полиция жарты жылда жоғалған 200-ден астам азаматты іздеп тапты

Polisia.kz

Маңғыстау облысында жарты жыл ішінде полиция қызметкерлері 200-ден астам жоғалған азаматты тауып, жақындарымен қауыштырды.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері хабар-ошарсыз кеткен 200-ден астам азаматтың жүрген жерін анықтап, оларды аман-есен туған-туыстарымен қауыштырды. Күн сайын полицияға азаматтардың жоғалғаны туралы хабарламалар келіп түседі. Кей күндері мұндай өтініштердің саны 10-нан асады. Әрбір хабарлама тіркелген сәттен бастап дереу бақылауға алынып, іздестіру жұмыстары бірден басталады. Іздестіру іс-шараларына криминалдық полиция қызметкерлері, учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция, жедел қызметтер мен еріктілер жұмылдырылады. Қажет болған жағдайда бейнебақылау камералары, ұшқышсыз ұшу аппараттары және басқа да заманауи техникалық құралдар пайдаланылады. Полиция қызметкерлері үшін жоғалған адамды іздеу – жай ғана қызметтік міндет емес. Әрбір өтініштің артында адамның тағдыры, жақындарының үміті мен уайымы жатыр. Әрбір адамның өмірі – баға жетпес құндылық. Әрбір азамат – маңызды. Сондықтан полиция қызметкерлері жоғалған адамның жүрген жерін мүмкіндігінше қысқа мерзімде анықтап, оны отбасына аман-есен қайтару үшін барлық күш-жігерін жұмсайды.