Олжас Бектенов бір апта ішінде барлық инвестициялық жобаны мұқият тексеріп шығуды тапсырды

Үкімет

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет инвестициялық жобалар мен арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда. Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктер мен салалық мемлекеттік органдарға жобалардың жүзеге асырылуын бақылауды күшейтуді, құрылыс қарқынын сақтауды және тұрғын үйлерді уақтылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

 

«Өңдеуші сектордың өсу қарқыны – инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуына байланысты. Өңір әкімдіктерімен бірге бір апта ішінде барлық инвестициялық жобаны мұқият тексеріп шығып, проблемалық мәселелерді анықтауды және оларды шешудің нақты шараларын айқындауды тапсырамын. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, арнайы экономикалық аймақтар тиімділігін арттырудың жаңа тетіктері әзірленді. Өнеркәсіп министрлігі бір ай ішінде жаңа тетіктерді іске қосу үшін Үкіметке тиісті түзетулер жобасын енгізсін.

Құрылыс жұмыстарының өсу қарқынын сақтап, тұрғын үйді пайдалануға беру мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажет. Әрбір нысан бойынша тұрақты мониторинг жүргізіліп, туындайтын мәселелер жедел түрде шешілуге тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.