Петропавлдағы дүкеннен заңсыз сатылған алкоголь өнімдері тәркіленді

Polisia.kz

Петропавл қаласында полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін сатуға лицензиясы жоқ дүкенде заңсыз сауда жасау дерегін анықтады.

Н. Назарбаев көшесінде орналасқан дүкеннің иесі бұған дейін бірнеше рет заң талаптарын бұзғаны үшін алкоголь өнімдерін сату лицензиясынан айырылған. Атап айтқанда, ол алкогольді түнгі уақытта және кәмелетке толмағандарға сатқан. Заң талаптарына сәйкес жүргізілген тексеру барысында полиция қызметкерлері дүкеннен жалпы көлемі 92,69 литр алкоголь өнімін тәркіледі. Қазіргі уақытта заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу фактісі бойынша әкімшілік материалдар жиналып жатыр. Петропавл қаласының полиция басқармасы алкоголь өнімдерінің айналымына қатысты заңнаманың сақталуы тұрақты бақылауда екенін еске салады. Тәртіп сақшыларының айтуынша, осы саладағы заң талаптарын бірнеше рет бұзу лицензияның тоқтатылуына немесе одан айырылуға, сондай-ақ заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеледі. Жыл басынан бері облыс орталығында алкоголь өнімдерін сату саласындағы заңнама талаптарын бұзудың 73 дерегі тіркелген. Аталған фактілердің барлығы бойынша заңда көзделген шаралар қабылданып, лицензиялар тоқтатылған немесе күші жойылған.