Ақтөбеде елді дүр сілкіндірген кісі өліміне қатысты сот үкімі шықты. Биыл ақпан айында болған қылмыс бойынша 62 жастағы ер адам кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметінше, марқұм танысының үйіне қонаққа барып, бірге ішімдік ішкен. Отырыс барысында екеуінің арасында жанжал туындап, айыпталушы жәбірленушіні бірнеше рет пышақтаған. Ер адам сол жерде көз жұмған. Кейін сотталушы қылмыстың ізін жасыруға әрекет жасап, мәйітті үлкен сөмкеге салып, үш күннен кейін шанамен қоқыс жәшіктерінің жанына апарып тастапты. Сөмкені аула сыпырушысы байқап, полицияға хабар берген. Көп ұзамай күдікті ұсталып, оған Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тағылды. Сот үкімімен ол 14 жылға бас бостандығынан айырылып, жәбірленуші тарапқа 2 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, тараптар оған апелляциялық тәртіппен шағымдана алады.
ЖӘНІБЕК СЕЙІТЖАПАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Қылмыстық кодексінің 62-бабының 3-бөлігінің 2-тармағы негізінде Аймұқатовтың 2026 жылдың 16 наурызынан бастап, 16 наурыздан... үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстау уақыты орташа қауіпсіз мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасын өтеудің бір күні үшін бір жарым күн есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылсын.