Маусымдық аллергия асқынып тұр

  • AstanaTV
  • 14 шілде 2026

Маусымдық аллергияның машақаты басталды. Тамақ жыбырлап, мұрын бітеліп, көзден жас тоқтамай, тоқтаусыз түшкіретіндердің қатары көбейді. Әсіресе көктем мен жаз айларында аллергиясы бар адамдар үшін далаға шығудың өзі қиынға соғады. Бұл дерттен толық айығуға бола ма, әлде тек белгілерін ғана басуға мүмкіндік бар ма? Айғаным Тұрысбектің сюжетін көрейік.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде аллергия әлемдегі әр төртінші адамның мәселесіне айналған. Сарапшылардың бағалауынша, қала тұрғындарының 20-40 пайызы аллергия белгілерін сезінеді. Әлеуметтік желілерде де маусымдық аллергиядан әбігерге түскендер көбейіп, бір-бірінен ем-дом мен кеңес сұрауда.

БЛИЦ:

- Жыл сайын күйеуімнің мұрны мен көзі қатты қышиды, тоқтаусыз түшкіреді. Диазолин мен тамшылар көмектеседі, бірақ әсері ұзаққа созылмайды.

- Аллергиям асқынып тұр . Бірнеше ай бойы мұрным мүлде дем алмайды.

- Мұрын бітеліп, не жесеңде тамақ қышу, көз де

- Ең болмағанда басылса ғой. Дәрігерге барғанда аллергия кетпейді, шыдаңыз деп шығарып салды. Бірақ шыдау өте қиын.

Аллергологтардың айтуынша, маусымдық аллергия өсімдіктердің, ағаштар мен шөптердің тозаңына ағзаның шамадан тыс сезімталдығынан пайда болады. Оның негізгі белгілері - мұрынның бітелуі, тоқтаусыз түшкіру, көз бен мұрынның қышуы, көзден жас ағу. Кей жағдайда құрғақ жөтел де мазалайды.

АМИНА ЖАМАЛБЕК, АЛЛЕРГОЛОГ-ДӘРІГЕР:

Маусымдық аллергия кезінде құрғақ, желді күндері көшеде аз жүрген жөн. Сырттан келген соң душ қабылдап, шашты жуып, киімді ауыстыру керек. Мұрынды күн сайын тұзды ерітіндімен шайып, тозаң көп кезде терезелерді жауып, ауа тазартқыш қолданған дұрыс.

Қазақстанда маусымдық аллергияның ең көп таралған түрлерінің бірі - жусан тозаңына аллергия. Осыған байланысты қазақстандық ғалымдар жусан тозаңына қарсы отандық иммундық терапиялық препаратты әзірлеп, оның екінші кезеңдегі клиникалық зерттеуін бастады.

ҚАЙСАР ТАБЫНОВ, ҒАЛЫМ:

Сынақ барысында препараттың жоғары қауіпсіздігі мен жақсы көтерілімділігі дәлелденді. Иммунологиялық тұрғыдан да оң нәтижелер тіркелді: пациенттерде аллергенді блоктайтын антиденелер түзіліп, терілік прик-тест бойынша сезімталдық деңгейі төмендеді. Бүгінгі таңда зерттеудің ІІ фазасын жүргізуге ресми рұқсат алынды.

Қазіргі емдеу тәсілдері аллергияның белгілерін уақытша ғана жеңілдетеді. Ал ұзақ мерзімді иммунотерапия бірнеше жыл ем қабылдауды талап етеді. Осыған байланысты қазақстандық ғалымдар PollenVax атты жаңа отандық препаратты әзірледі. Клиникалық зерттеулер сәтті аяқталса, ол маусымдық аллергияны емдеудің тиімді тәсіліне айналуы мүмкін.