Ақтөбеде дауылдан 300-ге жуық нысан зақымданған

Фото: Ақтөбе әкімдігі

Қарауылкелді ауылында 254 тұрғын үй, 14 әлеуметтік нысан, 24 кәсіпкерлік субъектісі және 6 әкімшілік ғимарат зақымданған. Облыс әкімдігі тергеу қорытындысын жариялады.

 

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелді ауылындағы дауыл мен нөсен жауыннан кейінгі комиссия жұмысының алғашқы қорытындысы шықты. Нәтижесінде 298 нысанның зақымданғаны анықталды.

Оның ішінде 254 тұрғын үй, 14 әлеуметтік нысан, 24 кәсіпкерлік субъектісі және алты әкімшілік ғимарат бар.

Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов қазіргі уақытта келтірілген шығынның нақты көлемін анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын сөз етті. «Актобе Аудит Строй» компаниясының мамандары техникалық тексеру жүргізіп, қорытынды әзірлеп жатыр. Сараптама жұмыстарын 27 шілдеге дейін аяқтау жоспарланған. Эвакуациялық пунктке уақытша орналастырылған отбасыларға қажетті жағдайлар жасалып, жатын орындар мен балаларға арналған ойын аймақтары ұйымдастырылды. Мектеп-интернат ғимаратында алты отбасы уақытша көшірілді. Бұдан бөлек, ауылдағы барлық инженерлік инфрақұрылым қалпына келтірілді. Газ, су, байланыс және жарық жұмыс істеп тұр. Ал құлаған мұнараны байланыс операторының өкілдерімен бірлесіп, оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.