Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы Қазанбасы және Октябрьское ауылдарында малдан бруцеллез анықталуына байланысты шектеу шаралары енгізілді.
Қостанай облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, Қазанбасы ауылында жоспарлы диагностикалық тексеру барысында ПТР әдісімен ауру жұқтырған мал анықталған.
Мамандар 323 бас ірі қараны тексерген. Соның 23 басынан бруцеллез анықталып, барлығы санитариялық талаптарға сай сойылған.
Қазір екі ауылда індет ошағын жоюға және аурудың таралуына жол бермеуге бағытталған сауықтыру шаралары жүргізіліп жатыр. Оның аясында малға диагностика жасалып, ауру жұқтырғандары санитариялық союға жіберіледі. Сонымен қатар ветеринариялық-санитариялық өңдеу жүргізіліп, малдың орын ауыстыруы бақылауға алынып, эпизоотиялық ахуал тұрақты қадағаланып отыр.
Ветеринария басқармасының мәліметінше, Әулиекөл ауданындағы ахуал біртіндеп жақсарып келеді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында мал арасындағы бруцеллездің таралу деңгейі 1,9 пайыз болса, 2026 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 0,8 пайызға дейін төмендеген.
Адамдар арасында да аурудың таралуы азайып келеді. 2023 жылы бруцеллезге 16 адам шалдықса, 2024 жылы – 7, 2025 жылы – 6 адамнан тіркелген. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында екі жағдай ғана анықталған.