Қазақтандықтар таңдаған көліктер: үздік үштік белгілі болды

  • AstanaTV
  • 15 шілде 2026

Елімізде ең көп сатылған автокөліктер белгілі болды. Былтыр  көлік сатудан рекордтық көрсеткіш тіркелген еді. Биыл Қазақстандағы ресми дилерлер 105 886 теміртұлпар сатқан. Қандай көліктер ең өтімді? Тілшіміз Айгерім Есенкелді айтады.

Елде өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстарғанда 1000-ға жуық көлік артық сатылған. Қазақстанның автомобиль одағының президенті Анар Мақашеваның айтуынша, сатылым көлемі айтарлықтай өзгермегенімен, нарықта бәсеке күшейіп, тұтынушылардың талап-талғамы артып келеді.

АНАР МАҚАШЕВА - ҚАЗАҚСТАН АВТОКӨЛІК ОДАҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жалпы сатылым көлемі айтарлықтай өзгермегенімен, нарықтың өз ішінде елеулі өзгерістер болып жатыр. Бәсеке күшейіп, сатып алушылар бағаға, технологияға және қызмет көрсету сапасына бұрынғыдан да талапшыл бола түскен. Бүгінде нарықтың ауқымы ғана емес, компаниялардың тұтынушылар сұранысына қаншалықты жылдам бейімделе алатыны да көрінеді.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Ең өтімді болып тұрғаны -дәл осы көлік. Екінің бірі алады қазір. Бағасы қолжетімді, өзі берік. Бір айда ресми дилерлер 3117-сін сатып үлгеріпті.

Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша Chevrolet көш бастады. 6 айда бұл брендтің 17 586 данасы сатылған. Екінші боп Hyundai және Kia үштікке кірді. Сатылымы 89,2 пайызға артқан қытай көлігі Changan төртінші орынға көтерілген. Ал алғашқы бестікті 8 мыңнан астам көлігін өткізген Chery бренді түйіндейді.

БАУЫРЖАН РАУХЫМБАЕВ, САТУ МАМАНЫ:

Жылдың басынан бастап 300-ден астам көлікті иелеріне табыстадық. Ең белгілі көліктердің біреуі - ол бізде Chevrolet Cobalt, сосын Chevrolet Onix көліктері болып келеді. Бір күнде бір 10 шақты машина, 8 шақты машина беріліп жатыр. Тиімді де барлығы. То есть сервис қолжетімді, бензин қолжетімді, шығыны жоқ.

Ең көп сатылған модель - Chevrolet Cobalt. Соңғы 1 айда 2896-сы өткізілген.  Ал бұрын қазақстандықтар жиі таңдаған Toyota мен Lexus брендтерінің сатылымы биыл төмендегені байқалды.

БЛИЦ:

- Енді шыны керек, ең көбі - такси ғой. Chevrolet Cobalt деген қазір енді тура бір халық машинасы болып кетті ғой, шынымен.

- Көбісі мына электромобиль, гибрид, соларға отырып жатыр. Сол енді Jetour былай ұнап қалды. Соны қарастырып жатырмын.

- Кішкене халықта енді сондай ақша болмағаннан кейін, кішкене арзандау машина іздейді, содан кейін Chevrolet алады, менің ойымша.

Сала мамандарының айтуынша, нарық өсімінің қарқыны қатарынан екі рекордтық жылдан кейін баяулағанына қарамастан, жаңа автокөліктерге сұраныс әлі де жоғары. Ал бәсекенің күшеюі сатып алушылар үшін таңдау аясын кеңейтіп келеді.