Чайлдфри: Балалы болудан бас тартудың себебі неде?

Қазақстанда бесік жыры сирек айтыла бастады. Коронавирус кезіндегі бейбибумнан соң, бала туу көрсеткіші жыл өткен сайын төмендеп келеді. Халықтың табиғи өсімін сақтап қалу үшін   репродуктивті жастағы әр әйел кемі екі бала туу тиіс. Елімізде бұл коэффициент қазір – 2,57. Иә, дабыл қағатын деңгейден жоғары. Бірақ әлемде балалы болудан саналы түрде бас тартатындардың көбеюі демографтарды алаңдатады.

Жеке еркіндігін қимайтын,  карьерадан қол үзбей, өзінің ең үздік өмірін қалыптастырғысы келетіндер кейде бала туудан саналы түрде бас тартады. Оларды «чайлдфри» дейді. Бұл көзқарасты жақтаушылар балаларды жек көрмейді. Тек баласыз да бақытты болуға болады деп топшылайды. Мұндай идеология 1960 жылдардан белең алған елдер қазір демографиялық тоқырауға ұшырап, мигранттар есебінен жұмыс күшін сақтауға мәжбүр болып отыр. 

ШЫНАР ПАЗЫЛБЕКҚЫЗЫ, ДЕМОГРАФ:

Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай елдері бар. Оларда туу деңгейі тіпті Еуропа елдерінен де төмен. Әсіресе, мысалы, Оңтүстік Кореяны алатын болсақ, туу деңгейі бір әйелге шаққанда 0,75. Яғни, бір әйелге шаққанда бір балаға да толмайды деген сөз.

Қазақстанда Чайлдфрилер қауымдастығы 2018 жылы құрылған. Бірақ статистер олардың нақты санын анықтайтын зерттеу жүргізбеген. Мұндай өмір салтын ұстанатындарды 4 түрге жіктеуге болады:

- Ес білгелі ата-ана болуды қаламағандар;

- Баланы кейін деп жүріп, мүлдем қажетсінбейтінін түсінгендер;

- Үшіншісі, аффективтілер, яғни, балалардың қасында өзін жайсыз сезінетіндер;

- Төртіншісі, әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды ескере отырып, жаңа өмір сыйлауға моральдық құқығым жоқ деп санайтындар.

АЙНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Обеспечить ету үшін көптеген шығын кетеді. Мен өзім көпбалалы отбасында туғандықтан, мен оның қандай үлкен жауапкершілік екенін білемін. Екіншіден, мен өте яркий өмір сүргім келеді. Мен өзімнің карьерамды дамытқым келеді. Жұмыс жасағым келеді. Ал бала тусаң , декретте 3-4 жылдап отырасың. Ондай тәуекелге мен бара алмаймын. 

Урбанизация, кеш некеге тұру және өмір сапасына деген талаптың артуы дамыған елдердің бәріне тән. Бұл үрдістер азаматтардың ұрпақ өрбіту  жоспарын өзгертуіне тікелей әсер етеді. Ал психологтар балалық шағы  бақытсыз болғандар мен зорлық-зомбылыққа ұшырағандар да сәби сүюден қашуы мүмкін дейді.

ӘСЕЛ ЖАНАТАЕВА, ПСИХОЛОГ:

Чайлдфрилер дәл осы сәттен ләззат алуды қалайтын адамдар. Олар ертең мен зейнет жасына келгенде не болады деп ойланғысы келмейді. Қиналғанда аузыма кім су құяды деген біздің менталитеке сіңіп қалған сұрақтарға бас қатырмайды. Мұндай шешім қабылдаған адамдардың жеке шекараларын құрметтеуіміз керек. Мен өз басым Қазақстан қоғамында дәстүрлі құндылықтарға берік, ұрпақ жалғастыруды қолдайтын жастар көп деп санаймын.

Балалы болу-болмау ерлі-зайыптыларға ортақ құқығы. Заң шектемейді. Дін құптамайды.

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАР ДІНИ БАСҚАРМАСЫ:

Тек бала тәрбиесіне дайындалу немесе денсаулықты қалпына келтіру сынды орынды себептермен жүктілікті уақытша кейінге қалдыруға рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылардың өзара келісімі болуы және қолданылатын тәсілдердің денсаулыққа зиян келтірмеуі шарт. Ал тек жауапкершіліктен қашу немесе кедейліктен қорқып жүктіліктен әдейі бас тарту шариғатта құпталмайды. Сондай-ақ ұрпақсыздыққа әкелетін, жүктілікті біржолата болдырмайтын кез келген тәсілдер шариғатта харам болып саналады.

Түптеп келгенде, бұл жаһандық тренд қоғамдық сананың трансформацияға түсе бастағанын көрсетеді. Баламалы өмір салты мен ғасырлар бойы қалыптасқан нормалардың қатар өмір сүруі заманауи әлемнің жаңа шындығына айналып отыр. Ал бұл құбылыстың елдің әлеуметтік-демографиялық құрылымына нақты қалай әсер ететінін тек ұзақ мерзімді статистикалық көрсеткіштер ғана айқындамақ.