Қазақстандық ғалымдар омыртқа ауруларын емдеуге арналған алғашқы отандық «тірі» имплантты әзірледі. Бүгінде остеохондроз бен бел, мойын ауруларына шалдыққандар саны артып, олардың бір бөлігіне операция жасау қажет болады. Бұған дейін мұндай оталарда тек металл импланттар қолданылса, енді Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология орталығының мамандары науқастың өз тері асты май қабатынан алынған жасушалар негізінде «тірі» имплант жасауда.
МАРҒҰЛАН ӘБДІҚАЛЫҚ, ДӘРІГЕР-НЕЙРОХИРУРГ:
Имплант металл пластинадан және мезенхималық стромалық жасушалардан тұрады. Науқастың өз ағзасынан алынған жасушалар арнайы зертханада өсіріледі. Бұл әдіс жазылу мен оңалту кезеңін жеделдетіп, ауруханада жату уақытын қысқартады және адамның еңбекке қабілетін тезірек қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Мысалы, бұрын науқас 3–6 ай еңбекке жарамсыз болса, осы технологияның көмегімен бұл мерзім шамамен 2 айға дейін қысқарады.