Астанадағы базарда газ жарылып, үш адам зардап шекті

фото: instagram.com/res_vlad

Астананың Байқоңыр ауданындағы Ш. Жиенқұлова көшесінде орналасқан базар аумағындағы екі қабатты әкімшілік ғимаратта газ-ауа қоспасы жарылып, үш адам зардап шекті.

ТЖМ мәліметінше, жарылысқа көлемі 50 литрлік композиттік газ баллонының герметикалығының бұзылуы себеп болған.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жедел жетті. Барлау жұмыстары барысында құтқарушылар үш зардап шеккен адамды анықтап, оларды медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізді.

Жарылыс ғимараттың бірінші қабатындағы тандыр самса дайындалатын бөлмеде болған. Салдарынан төбе жабындысының бір бөлігі құлап, есік ойығы зақымданған.

Қазір оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.