Биыл негізгі ҰБТ 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтті. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова хабарлады.
Биыл ҰБТ-ға өтініш қабылдау сәуір айында жүргізіліп, тестілеуге 233 мың талапкер қатысты.
«ҰБТ-ға қатысқан талапкерлердің шамамен 76%-ы шекті балл жинады. Орташа балл – 69. Қатысушылардың басым бөлігі тестілеуді қазақ тілінде тапсырды – 73%. Орыс тілінде талапкерлердің шамамен 27%-ы, ал 383 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Биыл да ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – «Математика – Физика». Бұл комбинацияны талапкерлердің 18%-ы таңдады. Одан кейін «Биология – Химия» (14%-дан артық) және «Шығармашылық емтихан» (12%) комбинациялары орналасқан», - деді спикер баспасөз конференциясында.
Оның айтуынша, соңғы жылдары гранттардың басым бөлігі инженерлік-техникалық бағыттарға бөлініп келеді. 2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Шығармашылық емтиханды таңдамаған талапкерлер бес пән бойынша тест тапсырды. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл.