Абай облысындағы табиғи өрт кезінде полиция қызметкерлері өрт ошағына жақын орналасқан “DosbolLike” балалар лагерінен 190 баланы және 20 қызметкерді қауіпсіз жерге эвакуациялады.
Өрт туралы хабарлама түскен алғашқы минуттардан бастап полицейлер лагерьге шұғыл жетіп, эвакуация жұмыстарын бастады. Балалар арасында үрей туғызбау үшін оларды сабырмен әрі ұйымдасқан түрде шығарды. Ең кішкентайларын қызметкерлер көтеріп алып шығып, жұбатып, қауіпсіз жерге дейін алып жүрді.
Көптеген бала үшін дәл сол сәтте полиция қызметкерлері ең қиын минуттарда қауіпсіздік пен қорғаныш сыйлаған жандарға айналды.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Қауіпті аумақ қоршауға алынып, өрт ошағына апаратын жолдар жабылды, арнайы техниканың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етілуде. Полицейлер қоғамдық тәртіпті сақтап, эвакуацияланған тұрғындардың мүлкін күзетуде.
Жұмыс төтенше жағдайлар министрлігі, экология және табиғи ресурстар министрлігі, қорғаныс министрлігі және басқа да қызметтермен бірлесіп тәулік бойы жүргізілуде.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды төтенше жағдайлар қызметі қызметкерлерінің талаптарын қатаң сақтауға, қауіпті аймаққа жақындамауға және арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырады.