Қазақстан мен Қытай 70 коммерциялық жобаны жүзеге асырады

Қазақстан мен Қытайдың экономикалық ықпалдастығы арта түсті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шанхайға жұмыс сапары аясында 15 млрд доллардан асатын келісімге қол қойылды. Мемлекет басшысы аспан асты елінің алпауыт кәсіпкерлерімен кездесіп, екі ел арасында  70-тен астам коммерциялық жоба бастауға уағдаласты.

Елімізде  қытай капиталы бар 8500 компания жұмыс істейді. Оның ішінде IT, жаңа технология, газ-химия, автокөлік саласында ашылған кәсіпорындардың тасы өрге домалап тұр. Былтыр екі елдің  тауар айналымы 49 млрд долларға жеткен.  Соның 30 млрды – Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:   

Екіжақты байланыстарымыз бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам бастық. Елдеріміздің ықпалдастығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шықты деп айтуға болады.

Президент жасанды интеллектіні Қазақстан экономикасын өрістететін басты бағыт ретінде қарастырады. Халықаралық инвесторлар алдында Екібастұз қаласында салынып жатқан Data Center Valley жобасын таныстырды. Бұл Орталық Азия төңірегінде цифрлық инфрақұрылымның тірегіне айналатын кешен. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда инновациялық экожүйе құруға қытайлық серіктестерді шақырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:    

Инвесторларға толық жабдықталған алаңдар, заманауи инфрақұрылым ұсынылады. Олар тұрақты электр қуатын пайдаланып, арнайы инвестициялық режим аясында жұмыс істей алады. Алайда, осы бағыттағы ауқымды шаруа деректерді өңдеу орталықтарын салумен шектелмейді. Біз біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыруды көздеп отырмыз.

Қазақстан Қытайдың Еуропа мен Орталық Азияға, Таяу Шығыс пен  Кавказға шығатын негізгі қақпасы. Біздің жер арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропаны жалғаған теміржол торабының 85 проценті Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Көлік-логистикалық хабтың мүмкіндіктерін арттыру үшін мемлекет соңғы 15 жылда 35 млрд доллардан астам қаржы салды. Ендігі меже – Транскаспий көлік бағытын дамыту.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Басты мақсат – Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін қалыптастыру. Бір сөзбен, деректер цифрлық желі арқылы қалай тез жіберілсе, тауарлар да шекарадан дәл сондай жылдам әрі тиімді өтетін кеңістік құруымыз керек. Қазақстан мен Қытай халықаралық сауданың тиімділігін арттыратын жаңа жаһандық стандарттарды бірлесіп орнықтыра алады деп санаймын.

Қазақстан – минералдар қоры мен астыққа бай елі. Қытай кәсіпкерлерінің алдында Президент бұны да ерекше атап өтті. Соңғы 2 жыл қатар рекордтық деңгейдегі өнім жиналған.  Бұл – жаңа технологияларды тиімді пайдаланудың жемісі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:  

Қазір елімізде 200-ден астам агроөнеркәсіп «ақылды ферма» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Тағы 650-ден астам шаруашылық цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуде. Сонымен қатар біз ұлттық цифрлық қадағалау жүйесін әзірлеп жатырмыз. Бұл жүйе ауыл шаруашылығы өнімдерінің егістіктен бастап тұтынушыға дейінгі жолын толық қадағалауға мүмкіндік береді.Бұдан бөлек, біз өнімді сақтаудың озық инфрақұрылымын дамытып жатырмыз. Бұл іске қытай компанияларын да белсенді қатысуға шақырамыз.

Қазақстан Қытай инвесторларына қолайлы бизнес орта жасауға дайын. Заң тұрғысынан да бәрі реттелген. Кепілдік бар. Ақылды қала Алатауға келіп те шаруаны дөңгелетуге мүмкіндік көп. Мемлекет басшысы жаңа технологиялар дәуірінде қазақ-қытай бірлесіп, Еуразиядағы жетекші елге айналатынына сенім білдірді.