Дипломын жыртып тастаған алматылық түлек жауапкершілікке тартылды

  • AstanaTV
  • 16 шілде 2026

Алматыда көпшілік алдында дипломын жыртып тастаған түлек жауапкершілікке тартылды. Әлеуметтік желіде колледждердің біріндегі диплом табыстау сәтінен видео тарады. Онда жас жігіттің диплом мұқабасына ұқсас құжатты ортасынан қақ бөлгені анық байқалады. Бұл бейнежазба  желіде қызу талқыға түсті. Тексеріс нәтижесінде түпнұсқасы, оған қоса берілетін қосымшасы және оқу орны тапсырған түпнұсқа мұқабасы бүлінбегені анықталды.

АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ:

Соған қарамастан жарияланған видео әлеуметтік желілерде кең тарап, қоғамда түрлі пікір туғызып, полицияның тексеру жүргізуіне негіз болған. Тексеру қорытындысы бойынша бейнежазба авторы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.