Алматы облысында 500-ден астам тұрғын сібір жарасы көміндісіне байланысты үйлерін заңдастыра алмай жүр

  • AstanaTV
  • 16 шілде 2026

Алматы облысындағы Еламан ауылында 500-ден астам тұрғын сібір жарасы көміндісіне байланысты үйлеріне құжат рәсімдей алмай отыр. Тұрғындардың айтуынша, көмінді 10 жыл бұрын анықталған. Алайда соған қарамастан оның маңына мектеп салынып, жер телімдері халыққа сатылған.

Тұрғындардың айтуынша, арада он жылдан астам уақыт өтсе де, аумақта ешқандай зерттеу жүргізілмеген. Тіпті, көмінді нақты қауіп төндіретінін дәлелдейтін зерттеу қорытындыларын көрсетіп, түсіндіру жұмыстары көрсетілмеді дейді. Ал сібір жарасы анықталған аумақтың маңында қазірдің өзінде мектеп пен тұрғын үйлер орналасқан. Енді ауыл тұрғындары өз үйлерін заңдастырып та, газ бен су желілеріне де қосыла алмай отыр.

ҚОНЫС АЛШЫБЕКОВ, АУЫЛ АҚСАҚАЛДАРЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Оны бізге көрсеткен жоқ. Ол жерде бар ма, жоқ па анығын білмейміз. Соны келіп тексерсе, бізге айтса халыққа, міне деп қортындысын көрсетсе немқұрмаса. Ондай жоқ, ешқандай шығарған қортындысы жоқ.

АБЗАЛ АБУЛКАИРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Әкімшілікке барғандарға сіздерге документ алуға рұқсат жоқ дейді. Бірақ 2012-ден бері қарай. Ал оған дейінгілердікі шешілген барлығы. Документ алып алғандар, сол кезге дейінгі шешілгендердің үйінде біз қазір пропискада тұрып жатырмыз.

Ал облыстық Ветеринария басқармасының мәліметінше, бұл аумақта 50-60 жыл бұрын екі  ірі қара мал көмілген. 2016 жылы көмінді қоршалып, оған 1000 метрлік санитариялық-қорғау аймағы белгіленген. Алайда бұл аумақ ауылдың бас жоспарына енгізілмегендіктен, кейін жер телімдерін сату жалғасқан. Қазір мамандар санитариялық-қорғау аймағының көлемін қайта қарау мүмкіндігін зерттеп жатыр.

НҰРХАТ  ЕСКЕНДИРОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Ғылыми зерттеулер жүргізіп, соның негізінде санитарлық қорғау аумағын қысқарту мүмкіндігі негізі бар. Қазір бұл вапрос қарастырылуда. Бір ұстап тұрғаны бізде ғылымыи зерттеулер жүргізуге методика жоқ. Оны денсаулық сақтау министрлігі өзі жасайды.

Маманның айтуынша, зерттеу жұмыстары күзде қарастырылмақ. Сол шаруа реттелгеннен кейін ғана ауыл тұрғындары үйлерін заңдастыра алады.