Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Байтақ ауылы құрдымға кетіп барады. Тұрғындардың айтуынша, елді мекенде шешілмеген мәселе көп. Соның негізгісі-газ бен жол. Көгілдір отын құбыры тиіп тұрған ауылға тартылғанымен, байтақтықтар қалып қойыпты. Ал аудан орталығына апаратын 10 шақырым жол жауын жауса батпаққа айналып, ауылды сыртқы әлемнен оқшаулап тастайды дейді. Амалы таусылған жұрт биліктен нақты әрекет күтеді.
Қобдадан 10 шақырым жердегі Байтақта бүгінде 50 ге жуық қана адам тұрады. Кезіндегі іргелі ауыл жылдан жылға қаңырап барады. Себебі, өркениет көшінен қалып қойған мекенде мәселе көп.
АМАНЖОЛ ӨТЕШОВ, ТҰРҒЫН:
Қасымызда 4 км жерде ауыл бар-Қоскөл деген ауыл, сол Қоскөлден 4 км жер ауылға газ тартамыз деді, өздері айтты солай деген.Сосын біздер ендіол кеше ғана күзде келгенде айтты собрание болғанда, енді бірақ көктемде келген собраниеге келгенде аким изменился, че то айтпайды. Ол енді бізге халыққа айтқасын халық уже мына жерде стройка жүргізіп жатыр, коридор салып жатыр.
Газ болмағасын тұрғындар көмір, отын, тіпті тезек жағуға мәжбүр. Зейнетақымен күн көретін қариялар үшін қысқы отынға кететін шығын қалтаға салмақ.
МАҒРИПА ӨТЕШОВА, ТҰРҒЫН:
Ол көмірің кейде жақсы болады, кейде жаман болады. всеравно сомен қыстан шығамын әйтеуір. напрмер маған 5 тонна көмір керек.3 кубометр ағаш аламын. 150 мың тек неге кетті, себебі 5 тонна.
Байтақтың тағы бір дерті-жол. Бар болғаны 10 шақырымды еңсерудің өзі тұрғындар үшін сынақ. Жаңбырлы күндері жер батпаққа айналып, ауыл бірнеше күн қатынассыз қалады. Аудан әкімдігі Байтақты газдандыру жоспарда бар екенін айтады, бірақ нақты мерзімі белгісіз. Қаржы бөлінсе ғана қолға алынбақ.
ҚАНАТ МЫҢБАЕВ, ҚОБДА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бізде қазіргі уақытта газдалмаған 16 ауылдық, 16 елдімекен бар. Оның ішінде ауылдық округтердің орталықтары бар үлкен-үлкен, соларды кезең-кезеңімен қаржыландырамыз, газификация жасаймыз, одан кейін барып Байтақ ауылына да келеді.
Тұрғындардың арманы көгілдір отынға жету. Көрші ауылдардағыдай газ тартылып, аудан орталығына дейінгі 10 шақырым жол жөнделсе дейді. Әйтпесе, жылдан-жылға халқы азайып бара жатқан Байтақтың болашағы бұлыңғыр.