Трамп: «Иран келісімге келмесе, бір аптада бүкіл елді жойып жіберемін»

Трамп Иранның қайтадан келіссөз алаңына оралғанын қалайды. Әйтпеген жағдайда, Иранда бірде-бір көпір мен электростанция қалмайды, - дейді АҚШ Президенті. Украина еуропалық Одақ қорғанысы үшін дрон өндіруге көмек береді. Владимир Зеленский мен Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен тиісті келісімге қол қойды. Украинаның өзіне келер болсақ, жыл соңына дейін елдің әуе қорғанысы күшейе түседі. Мемлекет басшысы Пэтриот кешендерінің баламасы жасалып жатқаны туралы мәлім етті. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамптың Иранды тас ғасырына қайта шегеріп тастайтын бір апталық мерзімі бар. Осы аралықта Иран алдына жалынып, келіссөз жүргізуі керек. Өзінің сүйікті арнасы Fox News-ке берген сұхбатында АҚШ Президенті соғыс қайта басталғандықтан, өзінің ешқайда асықпай, 60 күн бойы Иранды атқылай алатынын мәлімдеді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Келесі апта Иран үшін тарихтағы ең сұрапыл кезеңнің бастауы болуы мүмкін. Соңғы күндері өте жойқын соққы жасап жатырмыз. Мен Иран халқына жамандық ойламаймын. Дегенмен, жақын арада егер биліктегі есуастар диалог алаңына қайта оралып, осының алдындағы уағдаластықтарды орындамаса, қан жылатамын. Менің қолымда Ираннның барлық элекстростанцияларының картасы бар.

Украина Еуропалық Одақтың ұжымдық қорғанысына көмектеседі. Парижде Ұлы Француз революциясына арналған салтанатты шараға келген Владимир Зеленский бар көмекті аямайтынын мәлімдеді. Еуропалық Комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Украина Президентімен арзан әрі жойқын дрон өндірісі бойынша миллиардтаған долларлық келісім жасады.

УРСУЛА ФОН ДЕР ЛЯЙЕН, ЕУРОПАЛЫҚ КОМИССИЯ ТӨРАЙЫМЫ:

Ресеймен соғыстың бесінші жылға аяқ басқанын ескеретін болсақ, Украина ұрыс жүргізу тәсілдерінде және техника мен түрлі құралдарды қолдануда әлемде ешкімде жоқ тәжірибе жинақтады. Оның ішінде, бұл соғыста соңғы 5 айдағы Украинаның революция жасағанын бүкіл әлем көрді. Бір мезетте мыңдаған дронмен шабуылдау және қарсылас дрондарынан қорғану арқылы басымдықты өз қолына алды. Сондықтан, біз өзара тәжірибемізбен бөлісіп, бірлескен кәсіпорындар ашамыз.

Украинаның да қуанышты жаңалығы бар. Осыдан 2 апта бұрын Трамппен кездескенде Пэтриот кешендерін және оның снарядтарын Украинада өндіру туралы Владимир Зеленский келісім жасаған еді. Бірақ, жалғыз Пэтриоттарға қарап қалмай, өзінің жеке әуе қорғанысы кешендерін жасап шығарды. Олар жыл соңына дейін сериялық өндіріске енгізіліп, сол мезетте, әуе кеңістігін қорғауға кіріспек.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Біздің инженерлер бұрыннан түрлі техника түрлерін зерттеп келді. Енді олардың жемісті еңбегін жариялауға да болады. Украина баллистикалық зымырандарды сұлатып түсіретін кешенді ойлап тапты. Ресейдің мақтаған гипержылдамдықты зымырандарының өзі отандық кешен үшін оңай олжа болады.

Канаданың ең үлкен қаласы Торонто түтін астында қалды. Оған себеп, өршіген орман өрті. Бірер күн ішінде Торонто әлемдегі ауасы ең лас қалаға айналды. Жергілікті экологтар дабыл қағып, тілсіз жауды ауыздықтамаса, келетін залалдың ауыр екенін ескертуде. Бірақ, аптап ыстық пен дүлей дауыл төтеншеліктердің қолын байлап отыр.