Қолданысқа берілгеніне елу жылдан асқан елордалық бөгет жаңғыртылады

  • AstanaTV
  • 16 шілде 2026

Қолданысқа берілгеніне елу жылдан асқан елордалық бөгет жаңғыртылады. Жоба аясында тасқын су өткізгіш, бөгет жотасымен өтетін 1 шақырымдық автомобиль жолы мен көпір де реконструкцияланады. Сонымен бірге суды реттеуге су жаңа технологиялар қолданылмақ. 

СЕРЖАН АЙТЖАН, ТІЛШІ:

Ұлыбритания, Нидерланд, Италия мен Канада. Бұл тасқыннан келетін тосын қауіптің алдын алуда жетекші ел саналады. Енді тізімге Қазақстан да қосылады. Астанадағы  қорғаныс бөгеті реконструкцияланып, ұзындығы 4,2 шақырымнан асатын жаңа бөгет салынады.

Жаңғыртудың негізгі мақсаты қол еңбегін азайтып, автоматтандырылған жүйеге көшу. Апаттың салдарымен емес, себебімен күрескендер, мониторинг арқылы бөгет пен басқа да гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіндегі өзгерістерді уақытылы анықтай алады. 

АРСЕН ЖАҚАНБАЕВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРЛІГІНІҢ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ:

Соңғы кездегі климаттық өзгеруге байланысты, және экстремалды тасқын судың жиілеуіне байланысты бұл ғимаратты біз күшейтіп, яғни, бұл нысанның құрамында апатты су тастағыш каналымен бірге құрылысын жасап жатырмыз. Және соңғы автоматтандырылған жүйе, алдын ала ескерту немесе ерте ескерту жүйесі орнатылатын болады.

Жоба аясында секундына 238,4 текше метрге дейін суды қауіпсіз өткізе алатын автоматтандырылған апатты су тастағыш салынады. Сонымен қатар Нұра өзеніне бағытталатын жаңа су бұру арнасы, заманауи дренаж жүйесі, автоматтандырылған мониторинг және ерте ескерту жүйесі енгізіледі.

АЛЕКСАНДР ПОПОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ:

Бұл канал төтенше жағдай кезінде пайдалануға арналған. Егер су қоймасындағы су деңгейі белгіленген межеден асса, артық су осы канал арқылы автоматты түрде Нұра өзеніне бағытталады. Соның арқасында су Астана қаласына кірмей, оны айналып өтеді. Апаттық су бұру каналының ұзындығы – 23 шақырым. Жалпы көлемі 11 миллион текше метр жер қазылуы тиіс. Қазір 5 миллион текше метрін қазып біттік.

Астана су қоймасы мен қорғаныс бөгетін кешенді реконструкциялау су қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, миллионнан астам тұрғынды тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берері анық.