Астана қаласы Полиция департаментінің ақпаратынша,кәріз құбырынан шақалақ табылуына байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті ретінде 29 жастағы әйел анықталып, ұсталған. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр.
«Тексеру барысында аталған қонақүйден ағымдағы жылдың басынан бері «102» арнасына 19 хабарлама тіркелгені анықталды. Тыныштықты бұзғаны үшін 13 азамат әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін тағы 3 азаматқа қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Сонымен қатар аталған қонақүйде нәрестенің ұрығы табылған факті бойынша 29 жастағы әйел ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Осы құқық бұзушылықтарға байланысты қонақүй иесіне қылмыстық және өзге де құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізілді», – деп хабарлады Астана қаласының Полиция департаменті.
Полицияның мәліметінше, қазір аталған аумақ учаскелік полиция инспекторларының тұрақты бақылауына алынған. Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жүйелі тексерулер жүргізіліп, қонақүй әкімшілігімен және онда тұратын азаматтар арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.