Қостанайда жүргізуші куәлігінсіз ауыр жүк көлігін басқарған азамат ұсталды

Polisia.kz

Қостанай облысында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері ұшқышсыз ұшу аппаратының көмегімен жол қозғалысы қағидаларын өрескел бұзған ауыр жүк көлігінің жүргізушісін анықтады.

Әуеден жүргізілген бақылау барысында полицейлер қорғаныш жабынысыз сусымалы жүк тасымалдап келе жатқан Shacman жүк көлігін байқайды. Соның салдарынан жүктің бір бөлігі жолдың жүру бөлігіне төгіліп, жол жабыны ластанған. Аталған көлік бірден тоқтатылып, тексерілді. Тексеру кезінде жүк көлігінің алдыңғы әйнегінің зақымданғаны анықталды. Мұндай техникалық ақауы бар көлік құралын пайдалануға заңмен тыйым салынған. Бұдан бөлек, мемлекеттік тіркеу нөмірі де талапқа сай орнатылмай, алдыңғы әйнектің астына қойылған. Алайда ең өрескел құқық бұзушылық тексеру барысында белгілі болды. Жүргізушінің ешқашан жүргізуші куәлігін алмағаны анықталды. Соған қарамастан ол ауыр жүк көлігін басқарып, жол қозғалысының өзге қатысушыларының өмірі мен қауіпсіздігіне нақты қауіп төндірген. Аталған дерек бойынша полиция әкімшілік іс қозғады. Полиция азаматтарға кез келген көлік құралын басқару үшін тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы міндетті екенін еске салады. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары секілді заманауи технологиялар жол қозғалысы қағидаларын бұзу фактілерін жедел анықтауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жол қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.