Павлодар облысында полицейлер алаяқтардың қылмыстық әрекетінің жолын кесті

Polisia.kz

Павлодар облысында полицейлер алаяқтардың кезекті қылмыстық әрекетінің жолын кесіп, жәбірленушінің ақшасын қайтарып берді.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, оңай табыс табуды көздеген кейбір азаматтар өз әрекеттерінің құқықтық салдарын толық түсінбей, алаяқтардың еріксіз сыбайласына айналып жатады. Осылайша, Ақсу қаласының полиция бөліміне 66 жастағы әйел жүгінген. Оның айтуынша, өздерін "Қазақтелеком" және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ретінде таныстырған белгісіз адамдар телефон арқылы хабарласып, оның атына заңсыз несие рәсімделгенін айтқан. Әңгіме барысында алаяқтар банк шоттарындағы күмәнді операциялардың алдын алу қажет екенін алға тартып, үйінде сақталған барлық қолма-қол ақшаны "курьерге" тапсыруға көндірген. Алаңдаған әйел олардың сөзіне сеніп, жинаған қаражатын бейтаныс ер адамға берген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 65 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Одан 980 мың теңге көлеміндегі ақша тәркіленіп, толық көлемде заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тексеру жүргізілуде.

– Мені алаяқтардың құрбаны болудан сақтап, үлкен қаржылық шығынға ұшырауыма жол бермеген полиция қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтамын. Барлық тәртіп сақшыларына қызметтеріне табыс тілеймін. Еңбектеріңіз әрдайым нәтижелі болсын, – деді қала тұрғыны.

Полиция азаматтарды қырағылық танытуға шақырады. Белгісіз адамдардың қоңырауларына сенбеңіз, олардың қысымымен ешқандай қаржылық операция жасамаңыз және алынған ақпараттың растығын міндетті түрде тексеріңіз. Егер алаяқтық белгілеріне тап болсаңыз, уақыт оздырмай полицияға хабарласыңыз.