Астанада фитосанитариялық талаптарды бұза отырып әкелінген сәндік өсімдіктер жойылды

АШМ

Заң бұзушылық ҚР АШМ АӨК МИК аумақтық инспекциясының мемлекеттік фитосанитариялық инспекторлары жүргізген фитосанитариялық бақылау барысында анықталды. Тексеру кезінде сәндік өсімдіктердің Ресей Федерациясынан экспорттаушы елдің өсімдіктер карантині және оларды қорғау жөніндегі ұлттық ұйымы беруге тиіс міндетті фитосанитариялық сертификатсыз әкелінгені анықталды.

Осы дерек бойынша заңды тұлғаға қатысты өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

Фитосанитариялық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүк иесіне анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Өз кезегінде өнім иесі ұсталған өнімді өртеу арқылы жою туралы шешім қабылдады.

Комитет Қазақстан Республикасының аумағына карантинге жатқызылған өнімді тек экспорттаушы ел берген фитосанитариялық сертификаты болған жағдайда ғана әкелуге рұқсат етілетінін еске салады. Бұл талаптарды сақтау ауыл шаруашылығына және қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін қауіпті карантиндік объектілердің ел аумағына енуі мен таралуына жол бермеуге бағытталған.