Трамп Америкадағы Президент сайлауына астыртын араласқандарды әшкерелейді

Америкадағы Президент сайлауына бірқатар мемлекет араласқан. Дональд Трамп өзінің АҚШ халқына жарты сағаттық жолдауында барлау қызметтеріне осы туралы құжаттарды жариялауға тапсырма берді. Бірақ, Трамп сөйлейтін телесуфлер операторы Президенттің не туралы сөйлейтініне бәс тігіп, букмекерлік кеңселерден 90 мың доллар табыс тапқан. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Трамп ақыры Ресейдің Америкадағы сайлауға араласқанын мәлімдеді. Осыған дейін бұл жайтты жоққа шығарып келген АҚШ Президенті біраз сорақы жайттардың басын ашты. Бірнеше мемлекет, олардың қатарында Иран мен Солтүстік Корея да бар, сайлау қорытындысы жарияланған сайттарға хакерлік шабуыл жасаған.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен біздің сайлауға араласу фактілері бойынша барлық құжаттардың құпиясын ашу туралы бұйрыққа қол қойдым. Біздің барлық барлау қызметтеріміз жұмысты бастап кетті. Ішкі Қауіпсіздік Министрлігі 278 мың азаматтығы жоқ адамның дауыс бергенін анықтады. Бұл дегеніміз сыбайлас жемқорлыққа бой алдырған іштен шыққан жаулар көп. Осы тергеуді аяқтағаннан кейін, сайлау процессін ашық әрі әділ ететін реформаларды бастаймыз.

Ал, Трамптың халыққа жолдауларында камера түбіндегі суфлерге жауапты оператор Ақ үй басшысының сөздерін алдын ала біліп отырып, букмекерлік кеңселерге бәс тіккен. Одан 90 мың доллар да ұтып алыпты.

КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Әрине, біз бар жағдайдан хабардармыз. Ал, күдіктінің үстінен әкімшілік іс қозғалып, ол еңбек демалысына күштеп жіберілді.Ол адамда Президент оқитын мәтіннің түпнұсқасы болған. Президент Трамп өзгерту енгізген кезде де, мәтінді сол адамға беретін.

Украинаның ірі қалаларында жаппай ереуіл басталды. Халық сәтті жұмыс істеп, өзінің технологиялық реформалары арқылы Ресей әскерін едәуір ығыстыруға жол ашқан қорғаныс министрі Михаил Федоровтың отставкаға кетуіне қарсы. Ол бас штаб бастығы Александр Сырскиймен араздасып, Президент Владимир Зеленскийден қолдау таппадым деп налып отыр. Зеленский болса, жанжал жоқ деп ақталуда.

МИХАИЛ ФЕДОРОВ, УКРАИНАНЫҢ БҰРЫНҒЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРІ:

Мен Украина тарихындағы ең жас Қорғаныс министрі болдым. Бірақ, кейбіреулер оны көре алмайтын секілді. Президент Зеленскийдің бізді татуластырмақ болды деген сөзімен келіспеймін. Ол Сырскийді ауыстырмаймын деп кесіп айтты. Мен оған да келіскенмін. Ресейді жеңу үшін менің қол астымда кім болса да, бәрібір дедім. Бірақ, маған жоғарыдан да, төменнен де қысым жасалды.

Иран кенеттен Қатарға шабуыл жасады. Ел астанасы Дохада әуе қорғанысы кешендері сәтті жұмыс істеді. Бұл, ақпан аяғы, наурыз басынан бері Иранның алғаш соққысы.