«Жасанды интеллект бейбітшілік жолында қызмет ету керек». Шанхайда өткен дүниежүзілік конференцияда Қазақстан президенті осылай деді. Бұған себеп көп. Ақпараттық қақтығыстың шеңбері кеңейген тұста жаңа технологияларды басқарудың халықаралық стандартын әзірлеу қажеттілігі күн тәртібіне шықты. Онлайн сауда-саттықтың дамуы да ортақ заң мен реттеу тетіктерін талап етіп отыр. Төрт күл дүние көз тіккен алқалы жиында Мемлекет басшысы тағы қандай бастама көтерді? Айсәуле Съезбек тарқатады.
Әлем елдері жасанды интеллекті меңгерумен жарысып жатыр. Цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бөлінетін инвестиция көлемі жылына 47 процентке өскен. БҰҰ-ы алдағы 7 жылдың өзінде ЖИ нарығы 5 трлн долларға жетеді деп болжайды. Сондықтан қабілет-қарымы жеткенше әр ел ғасыр жетістігін терең түсініп, оны өз пайдасына қарай басқаруға тырысуда. Осы тұста, Мемлекет басшысы жаһан жұртын ЖИ-ді әскери текетірес үшін емес, тұрақты даму жолында дамытуға шақырды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Өкінішке қарай, мемлекеттердің көбі қақтығыстарға тосқауыл қоюға мән бермейді, есесіне оның салдарын жоюға күш-жігерін сарқа жұмсайды. Жасанды интеллект алдын ала ескерту жүйесін, превентивті дипломатияны, гуманитарлық көмек пен бітімгерлік әрекеттерді күшейту арқылы бізге осы қисынсыз түсінікті өзгертетін тарихи мүмкіндік беріп отыр.
Жер жүзінде жасанды интеллектіні жата-жастана зерттеп, патент алғандардың жартысынан көбі – қытайлар. Соңғы 40 жылда қарыштап дамыған көрші ел жаңа технологиялар державасына айналды. Қазақстан да цифрлық трансформацияны стратегиялық бағыт ретінде белгілеген. Арнайы мәртебе берілген Алатауды аз уақытта толық интеграцияланған Шанхай секілді цифрлық шаһар деңгейіне жеткізу – алдағы міндет. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік ЖИ ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігін Қазақстанда құруды ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстан Дүнижүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы құрылтайшыларының бірі ретінде осы маңызды платформаны құрудағы Қытайдың жетекші рөлін жоғары бағалайды. Жақында ғана іргесі қаланған әрі мол әлеуетке ие ұйым жаһандағы ЖИ келешегін айқындайтын бірегей халықаралық институтқа айналатынына сенімдіміз. Ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізу біз үшін зор мәртебе болар еді.
Президент Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін іске қосуды ұсынды. Бұл электронды сауданы жандандырады. ЖИ өнімдерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ стандартын енгізу де уақыт күттірмейді. Өйткені интернет алаяқтық, дипфейк мақсатында пайдаланушылардың да араны ашылып барады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз жастарды цифрлық машықтарды игеруге, сыни ойлауға, ізденімпаздыққа және жоғары этикалық жауапкершілікке баулуымыз керек. Осыған орай Қазақстан Дүниежүзілік Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы аясында халықаралық мектептер желісін, озық тәжірибе орталықтарын және академиялық серіктестік құруды ұсынады.
Қазақстан президенті ЖИ-дің әлеуетін игілікті іс жолында пайдалануға ниетті барша серіктестермен ықпалдастыққа ашық екенін айтты. Конференциядан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Тайланд пен Камбоджаның Премьер-министрлерімен кездесті. Тараптар өзара экономикалық байланысты нығайтуға уағдаласты.