Атырау мен Ұлытау облыстарына жаңа әкімдер тағайындалды

  • AstanaTV
  • 17 шілде 2026

Мемлекет басшысының Жарлығымен Атырау облысының әкімі болып Болат Ақшолақов тағайындалды. Президенттің арнайы тапсырмасымен өңірге барған Премьер-министр Олжас Бектенов пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр жаңа басшыны аймақ активіне таныстырды. Мәслихат депутаттарының қолдауына ие болған әкімге халықтық конституция аясында «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын қатаң сақтау жүктелді. Сондай-ақ өңір экономикасын әртараптандыру, экологиялық жағдайды жақсарту және тозған инженерлік желілерді жедел жаңарту бойынша нақты міндеттер қойылды.

Дәл осындай кадрлық ауыс-түйіспен Ұлытау облысының тізгіні Есет Байкенге берілді. Жаңа басшыға аймақта ірі инвестициялық жобаларды қолға алу, инфрақұрылымды жаңғырту және «Қарағанды – Жезқазған» күре жолының құрылысын жеделдету тапсырылды. Сондай-ақ өңірдегі агроөнеркәсіптік кластерді қалыптастыру мен тарихи-мәдени мұраны тиімді пайдалана отырып, туристік әлеуетті арттыру міндеті қойылды.