Атырауда белгілі фототілші, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері Аманкелді Мутиғуллинді еске алуға арналған фотокөрме ұйымдастырылды. “Кадрдағы ғұмыр жолы” көрмесіне фотошебердің әр жылдарда түсірілген үздік туындылары көпшілік назарына ұсынылды. Фотожурналистика саласына 2000 жылы келген Аманкелді Мутиғуллиннің кадрына ілікпеген сала кем де кем. Аймақтың табиғатынан бастап, өндірісті өлкенің тыныс-тіршілігін түгел қамтыған шығармашылық жолын көпшілік қызығушылықпен тамашалауда.
Атыраудың тарихын таспалаған Аманкелді Мутиғуллиннің туындылары екі аптадан бері қаладағы ірі сауда орталығында тұр. Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында ашылған көрмеге фототілшінің 50-шақты үздік туындысы қойылған. Әр сурет - аймақтың қайталанбас бір тарихы. Мутиғуллин фотошежіресі бай - ірі кәсіпорындардан бастап, туған өлкесі үшін маңдай терін төккен қарапайым жұмысшылар, қарт Каспий мен ерке Жайық табиғаты, аймақтың қазба байлықтары, өңірге табан тіреген қадірлі қонақтар.
ГҮЛМИРА БАТЫРҒАЛИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
Халық арасында фототілшінің мұрасын насихаттау туралы облыс басшылығының тапсырмасына қаламыздағы ірі сауда орталықтарының бірі «Infinity Mall» қолдау білдіруде. Қазір аталған орталықта фототілшінің бірегей туындылары қойылды. Көрмеде Амангелді Мутигуллиннің өмір-шығармашылығы, Атырау өңірінің тарихы мен ел өміріндегі бірегей сәттер көрініс тапқан.
Суретпен шежіре қалдырған Аманкелді Мутиғуллин аймақтағы “Ақ Жайық”, “Прикаспийская коммуна” газеттерінде фототілші боп еңбек етті. Ал өмірінің соңына дейін Атырау эгнергокешенінде баспасөз қызметінде жұмыс істеп, “Атырау өңірі энергетикасы” газетінде бас редактор болды. 2025 жылы БАҚ саласындағы еңбегі үшін “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. Әріптестері оның түсірген фотосының өзі сөйлеп тұратын еді,- дейді.
ҚАЙРАТ САТАЕВ, “ПРИКАСПИЙСКАЯ КОММУНА” ГАЗЕТІ БАС РЕДАКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Суретті сөйлететін адам еді, осылай деп айтуға болады. Бізде журналистер, біреуіміз — экономика, екіншіміз — ауыл шаруашылығы десек, ол барлық жерде болды. Және де бір таңғалдыратын жері — қайда барса да, нүктені табатын. Кейбір фотографтарға біз айтамыз «ананы барып түсіріп алшы, мынаны барып түсіріп алшы» дегенде, Амангелді ағада ондай әңгіме болмайтын еді вообще. Оған сенеміз, өзі кетеді, содан кейін... Кейде тіпті фотосын алып алып, соның фотосымен репортаж жазуға болатын еді.
Бүгінде оның кәсіби ізденісін шәкірттері жалғап жатыр. Бұл көрме фототілшінің бай шығармашылық мұрасына құрмет көрсету арқылы, жұртшылыққа тарих бедерінде қалған аймақ тарихының ерекше сәттерін таныстыру,- дейді ұйымдастырушылар.