Нысана көздеуден 2026 жылғы Азиадаға қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды: соңғы дайындық кезеңі Қытайдағы Әлем кубогы болмақ

ҰОК

22 шілдеде Қытайдың Ханчжоу қаласында нысана көздеуден Әлем кубогының кезеңі басталады. Бұл жарыс Қазақстан құрамасы үшін ерекше маңызға ие. Өйткені дәл осы турнир 2026 жылғы Азия ойындары қарсаңындағы соңғы ірі сынақ болмақ. Ханчжоуда ел намысын қорғайтын мергендер күзде Жапонияда өтетін Азия ойындарына да қатысады.

Ханчжоудағы Әлем кубогы кезеңінде және кейінгі Азия ойындарында Қазақстан құрамасының сапында 16 спортшы сынға түседі. Олардың қатарында Париж Олимпиадасының қола жүлдегерлері Александра Ле мен Ислам Сәтпаев та бар.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Ольга Довгуннің айтуынша, бұл жарыс Азия ойындары алдындағы дайындық деңгейін жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді.

"Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан атынан Азия ойындарына қатысатын барлық спортшы бақ сынайды. Құрама тізімі толық бекітілген, енді ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Сондықтан бұл жарыстың маңызы зор. Біз әр спортшының өнерін саралап, Азия ойындарындағы жарыс үлгісін қалыптастырғымыз келеді. Сонымен қатар қандай тұстарды әлі де жетілдіру қажет екенін анықтап, ойындар алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынында сол бағытта жұмыс жүргіземіз", – деді бас бапкер.

Қазір барлық мерген жеке жаттықтырушыларының жетекшілігімен арнайы жоспар бойынша дайындалып жатыр. Осыдан кейін құрама Қытайға аттанады. Алдағы Әлем кубогы кезеңінде және Азия ойындарынжа ел намысын қорғайтын Қазақстан құрамасының тізімі:

- Александра Ле

- Ислам Сәтпаев

- Сәуле Әлімбек

- Валерий Рахымжан

- Елизавета Безрукова

- Никита Чирюкин

- Арина Малиновская

- Кирилл Федькин

- Эльдар Иманқұлов

- Артемий Кабаков

- Константин Малиновский

- Валерия Попелова

- Никита Шахторин

- София Шульженко

- Нина Старова

- Кирилл Цуканов

Айта кетерлігі, Александра Ле бұл Әлем кубогы кезеңіне ұзақ үзілістен кейін қатысқалы отыр. Жақында ол Қазақстан чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Бас бапкердің сөзінше, спортшының дайындығы жоғары деңгейде.

"Александра қайтадан қатарға қосылды. Алайда ол дайындықтан тыс қалды деуге келмейді. Ол тек халықаралық жарыстарға қатысқан жоқ, ал жаттығуын тұрақты түрде жалғастырып келеді. Қазіргі дайындығы жақсы. Әсіресе Азия ойындарында сынға түсетін жаттығулар бойынша көрсеткіші көңіл қуантады. Кейбір тұстарды әлі де жетілдіру қажет, бірақ оған жеткілікті уақыт бар", – деді Ольга Довгун.

Қазақстан құрамасы қазір жоспарға сай дайындық жүргізіп жатыр. Басты мақсат - 2026 жылғы Азия ойындарында бабында болу.

"Жоспарланған жұмыс кестесіне сай дайындалып жатырмыз. Ешқандай күтпеген қиындық болған жоқ. Команда бұған дейінгі халықаралық жарыстарда жақсы нәтиже көрсетті. Енді кейбір тұстарды жетілдіріп, спортшыларды бабына келтіруіміз қажет. Бұл жұмыстарды Әлем кубогы кезеңінен кейінгі соңғы оқу-жаттығу жиынында жүргіземіз. Әзірге спортшыларды толық бабына келтіру әлі ерте. Себебі мұндай деңгейде ұзақ уақыт бойы өнер көрсету оңай емес. Сондықтан қазіргі дайындық барысы бізді толық қанағаттандырады. Қытайдағы жарыстан кейін қорытынды жасап, алдағы жұмыс бағытын нақтылаймыз", - деп түйіндеді бас бапкер.

Еске салсақ, Ханчжоудағы Әлем кубогы кезеңі 28 шілдеге дейін жалғасады. Ал нысана көздеуден алғашқы жарыстар 22 шілдеде басталады.