Дәрігерлер оның жағдайы тұрақты ауыр екенін айтып, алдағы күндері тері ауыстыру отасы жасалатынын мәлімдеді
Ақтөбедегі газ құю бекетінде болған өрттен аман қалған ер адамға өз терісін трансплантациялау бойынша ота жасалады.
Өрт кезінде жұбайы мен балаларынан айырылған 54 жастағы науқас бір айға жуық уақыттан бері Ақтөбе қалалық №1 көпбейінді ауруханасында ем қабылдап жатыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, көлік өртенген кезде ер адам денесінің шамамен 50 пайызын күйік шалған. Қазір оның жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.
Науқастың жағдайы тұрақты, гемодинамикалық көрсеткіштері қалыпты. Ол мамандандырылған бөлімшеде қажетті ем қабылдап жатыр. Беті мен аяқ-қолындағы күйік жаралары біртіндеп жазылып келеді. Емдеу жоспарына сәйкес алдағы уақытта кеуде тұсындағы күйік жараларына аутодермопластика жасау жоспарланып отыр, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Аутодермопластика – кең көлемді күйік жараларын жабу үшін науқастың өз терісін көшіріп салатын хирургиялық ота.