Алакөлде гидроциклдер соқтығысып, бір адам қаза тапты

Фото: Қонаев қаласының әкімдігі

Оқиға Жетісу облысындағы Алакөл көлінде болды. Салдарынан бір адам көз жұмып, тағы бір адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді

Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) мәліметінше, оқиға 17 шілде күні Алакөл көлінің акваториясында болған. Әлеуметтік желі қолданушыларының жазуынша, гидроциклдердің соқтығысуы кешкі уақытта, шамамен сағат 21:00-де, су бетіндегі көріну мүмкіндігі шектелген кезде болған.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Алакөл аудандық полиция бөлімі өз құзыреті шегінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, - деп мәлімдеді ведомство.

ТЖД қолданыстағы шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларына сәйкес, навигациялық шамдармен жабдықталмаған жүзу құралдарымен қараңғы уақытта суға шығуға қатаң тыйым салынатынын еске салды.

Сондай-ақ ТЖД өңірде мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап аумақтық департамент шағын көлемді кемелерді пайдалануға мемлекеттік бақылау мен қадағалауды ресми түрде жүзеге асырып келеді. Ал Алакөлдегі рейдтік профилактикалық іс-шаралар шомылу маусымы басталған күннен бері күн сайын өткізіліп жатыр.

Су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын және шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін департамент қызметкерлері 108 әкімшілік хаттама толтырды. Оның ішінде шағын көлемді кемелерді пайдалану талаптарын бұзғаны үшін 73 хаттама рәсімделіп, бір миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, – деп хабарлады ТЖД.

Құтқарушылар шағын көлемді кемелердің иелері мен жүргізушілерін тыйым салынған уақытта суға шықпауға, құтқару кеудешелерін киюге, қажетті құжаттарды өзімен бірге алып жүруге және жолаушылар санына қатысты белгіленген талаптарды бұзбауға шақырды.