Павлодар облысында 73 мас жүргізуші жауапқа тартылды

Polisia.kz

Павлодар облысында полицейлер "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды.

Іс-шара барысында тәртіп сақшылары жолдағы жағдайға күшейтілген бақылау жүргізіп, Жол қозғалысы қағидаларын бұзу деректерінің жолын кесті. Жедел-профилактикалық іс-шара нәтижесінде жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 2733 дерегі анықталды. Оның ішінде 1130 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаған, 465 жүргізуші көлік құралын басқару кезінде телефон пайдаланған, тағы 255 жүргізуші техникалық жай-күйі талапқа сай келмейтін көлікті басқарған, ал 32 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына шыққан. Сонымен қата полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарған 73 жүргізушіні ұстады.

– Жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілік жыл сайын күшейтіліп келе жатқанына қарамастан, кейбір жол қозғалысына қатысушылар әлі де болса немқұрайлық танытып, қауіпсіздік талаптарын елемейді. Мұндай жауапсыздық көбіне ауыр, тіпті қайғылы салдарға әкеледі, – деді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафинов.

Полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол ережесін қатаң сақтауға, жолда өзара сыйластық пен жауапкершілік танытуға шақырады.