Абай облысында мас күйде көлік тізгіндеген жүргізушілер анықталды

Polisia.kz

Абай облысында мас күйінде көлік жүргізетін жүргізушілерге қарсы күрес жалғасуда. Көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарудың әрбір анықталған дерегі медициналық куәландыру нәтижелерімен расталып, процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады. Құқық бұзушыларды қатаң жауапкершілік, оның ішінде көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы күтеді. 2026 жылдың басынан бері Абай облысының полиция қызметкерлері көлікті алкогольдік масаң күйде басқарудың 428 дерегін анықтады.

Тек соңғы бір апта ішінде жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында осындай 35 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Соңғы оқиғалардың бірі Семей қаласында орын алды. Профилактикалық іс-шаралар кезінде полиция қызметкерлері Lada 11183 автокөлігін басқарған 39 жастағы жүргізушіні тоқтатты. Ер адамға алкогольдік, есірткілік немесе уытқұмарлық масаң күйін анықтау үшін медициналық куәландырудан өту ұсынылғанымен, ол полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындаудан бас тартты. Жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалы сотқа жолданды. Медициналық куәландырудан өтуден бас тартқаны үшін заңнамада 15 тәулікке әкімшілік қамау және 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген. Заңнаманың қатаңдатылғанына және жазаның сөзсіз қолданылатынына қарамастан, кейбір жүргізушілер әлі де өздерінің және айналасындағылардың өміріне саналы түрде қауіп төндіруді жалғастыруда. Полиция азаматтарды бейжай қалмауға шақырады. Егер сіз мас күйіндегі адамның көлік тізгініне отырғанын байқасаңыз, бұл туралы дереу полицияға хабарлаңыз. Мүмкін, дәл сіздің қоңырауыңыз жол-көлік оқиғасының алдын алып, біреудің өмірін сақтап қалуға көмектесер.