Иран қайтадан тыныштықты бұзып Ирак мен Кувейт және Иорданияға шабуыл жасады. Ондағы әскери базаларда екі америкалық сарбаз қаза тапты. Ашуланған Трамп жауап ретінде Ирандағы маңызды нысандарға шабуылдаймын, көпірлерді қиратамын деген жоспарын ақыры жүзеге асырды. Трамптың жеке иммиграциялық полициясы да ойына келгенін істеп отыр. Бұл жолы тағы бір шыққан тегі латынамерикалық азаматты өлтіріп, бүкіл АҚШ халқын ызаландырды. Қытай да Америкадағы Президент сайлауына араластық дегені бос сандырақ, деп басын ала қашты. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Трамп ақыры айтқанын орындады. Иран кенеттен Кувейт, Ирак және Иорджанияға соққы жасады. Ондағы АҚШ әскери базаларында екі сарбаз қаза тапты. Ашуланған Ақ үй басшысы, уәдесін орындады. Ирандағы маңызды көпірлерді қанатты зымырандармен атқылап, түгін қалдырмады. Трамптың айтуынша, Иран кек алудан басқа амал қалдырмады.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біздің екі өрімдей жас сарбазымыз өкінішке қарай қаза тапты. Олар, Иран ядролық қару жасап, әлемге қауіп төндірмеуі үшін өз өмірлерін берді. Мен қос жауынгеріміздің кегін алмай қоймаймын. Бұл – тек бастамасы. Мен Иранды қанша рет келіссөзге шақырдым. Соғысты қаласа, тып-типыл жойып жіберемін.
Бірақ, Трамптың жеке өзіне ғана бағынатын иммиграциялық полиция да ойына келгенін істеп жүр. Өткен аптада Техас еді, бұл жолы Мэн штатында тағы бір шыққан тегі латынамерикалықты өлтірді. Бірақ, Джон Себастьян Дуран Геррейро АҚШ азаматы еді. Иммиграциялық полицияның бұл әрекеті күллі АҚШ жұртының ашуына тиді.
КАРОЛИНА РОХАС, МАРҚҰМНЫҢ ЖҰБАЙЫ:
Біздің армандарымыз көп еді. Ол өте еңбекқор адам болды. Заң тұрмақ, тәртіп бұзбайтын. Кішкентай қызымыздың бетінен қақпай өсірді. Тапа-тал түсте ештеңе істемеген адамды қалай өлтіруге болады? Қылмыскерлердің өзі бұндай бассыздыққа бармайды.
Біз Америкадағы Президент сайлауына араласпадық. Бұл – бос сандырақ. Қытай Сыртқы Істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Өткен аптада Трамп 2020-жылғы Президент сайлауына бірқатар ел араласып, алаяқтық жасады, - деп оның ішінде Қытайды ерекше атап өткен еді.
ЛИНЬ ЦЗЯНЬ, ҚЫТАЙ СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Бұндай жалаға жауап берудің өзі әбестік болар еді. АҚШ тарапы не болса соны айта беретінін жасырын емес. Бұл жолғы Президент Трамптың жарты сағаттық мәлімдемесі толықтай өтірік.