Павлодар облысында дүлей дауыл 60-тан астам үйді шатырсыз қалдырды

Павлодар облысында дүлей дауыл соғып, 6 адам зардап шекті. Салдарынан ауылдар сусыз, жарықсыз қалды. Екібастұз қаласына қарасты Құдайкөл ауылында 60-тан астам үйдің шатыры ұшып кеткен. Оның ішінде мектеп, ауылдық клуб секілді әлеуметтік нысандар да бар. Дауылдан кейінгі ауылдың жай күйін тілшіміз Өзгеріс Қуанар біліп келді.

Екібастұзға қарасты Құдайкөл ауылы дүлей дауылдан зардап шеккен елдімекендердің бірі. Бұл ауылда 60-тан астам үйге зақым келген. Көпшілігінің шатыры қатты желден ұшып кетіпті. Ал 5 бірдей адам табиғи апат салдарынан  жарақат алды.

ТІЛЕК ЗӘКАРИЯ, ҚҰДАЙКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сағат  5-6 кезінде табиғат апат болды. Сұмдық болды. Бұршақ жауды, қатты боран соқты. Әйнекке шифр ұшып, әйнекті сындырып, балам талқалдалынды үсті басы бірақ жара болып,шіл тіліп кетті. Бет аузының бәрі тіліп кеткен.

Ал, Марал Ержанаттың үйі жарамсыз болып қалыпты. Қатты дауылдан есік, терезесі қирап, үйдің төбесі құлауға шақ қалған.

МАРАЛ ЕРЖАНАТ, ҚҰДАЙКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кеше қатты дауыл болып, үйдің жағдайы қиын. Үйдің төбесі крышасы полный кетті. Төбесі түсіп кетті. Қаша қора құлады. Окноларының бәрі сынды. Енді оны кім восстановить ететін білмейміз? Білмеймін енді қайда баратынымды? Үй бірақ жарамсыз болып қалды.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Дауылдың қатты болғаны соншалық мына үйдің қабырғасы құлап кетіпті. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Ал мына үйдің гаражы құлаған. Тұрақта тұрған көлікке де зақым келіпті.

ҚАЙДАР ЖАЙДАРХАН, ҚҰДАЙКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мына біздің гараж құлаған ана жақтан бұршақ келген 5 минуттың шіндле бәрін жайпап өтті. Мына гаражды бұзды да, ар жағында үш әйнек шағылды. Біздің үйдің төбесі, ана үйдің төбесі барлық үйдің төбелерінен ештеңе қалған жоқ. Шифрлары ұшып ұшып кетті. Қораның арты бәрі бұзылып қалды.

Ауылда кешелі бері су да, жарықта жоқ. Дүлей дауыл жарық бағаналарын да құлатып кетіпті.

КЕНЖЕБЕК ТӨЛЕГЕН, ҚҰДАЙКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кеше кешкі 6 жарым 7 кезіннен бері ешқандай сусыз, жарықсыз отырмыз. Былай қарасаңыз айдаладағы қараусыз ауыл сияқтымыз. Кеше кешке болған нәрсені түнгі 11-12-ге дейіән халықты шулатпай  біржақты қылып тынштандыруға болушы еді.

Құдайкөл ауылында қазір жарық пен суды қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге шығын келгені белгісіз. Мамандар тұрғын үйлерге бағалау жұмыстарын жүргізуде.

АЯН БЕЙСЕКИН, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Жұмыстардың барлығы аяқталғаннан кейін тиісті комиссияға шығарып, тиісті шешімді қабылдайтын боламыз. Міндетті түрде әрбір зардап шеккен үйге тиісті көмек көрсетілетін болады. Қазіргі уақытта басты мәселе зардап шеккен инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру. Қазіргі уақытта тиісті қызметтердің жұмыстары үйлестіріліп, осы күннің соңына дейін инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстары аяқталу тиіс.

Ал тұрғын үйге өтемақы төлеу барлық шығын есептелгенін кейін жасалмақ. Ауылды тіршілік нәрімен уақытша қамту үшін су тасымалы ұйымдастырылды.