Осыған байланысты әкімдік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге бағыттарын алдын ала жоспарлауға кеңес берді
Астанада 20 шілдеден бастап Алматы көшесінің Ақмешіт көшесінен Сауран көшесіне дейінгі бөлігі көлік қозғалысы үшін толық жабылады. Шектеу 2026 жылдың соңына дейін енгізіледі. Бұл туралы елорда әкімдігі мәлімдеді.
Соған қарамастан Алматы – Сауран, Алматы – Ақмешіт және Алматы – Түркістан көшелерінің қиылыстары ашық болады. Аталған шектеу Мәңгілік Ел даңғылынан Сауран көшесіне дейінгі аралықта Алматы көшесінің бойымен көлік тоннелін салу жобасына байланысты енгізіліп отыр.
Айта кетейік, осы жоба аясында 18 маусымнан бері Алматы көшесінің Ақмешіттен Түркістан көшесіне дейінгі бөлігі де жабық. Енді 20 шілдеден бастап шектеу Сауран көшесіне дейін ұзартылады.
Әкімдік жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге бағыттарын алдын ала жоспарлауға кеңес берді. Жол қозғалысын ұйымдастыру үшін уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады.
Сондай-ақ елордада жол жөндеу жұмыстары басқа көшелерде де жалғасып жатыр. Мәселен, 17 шілдеден 30 қыркүйекке дейін Қордай көшесінің Бауыржан Момышұлы даңғылынан Обаган көшесіне дейінгі бөлігі инженерлік желілердің құрылысына байланысты толық жабылған.