Шымкентте отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 4 мыңнан астам хабарлама тіркелді

Фото: istockphoto.com

Полицияның мәліметінше, жанжалдардың негізгі себептері – жұмыссыздық, қаржылық қиындықтар және алкогольге тәуелділік

 

Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері көбейіп барады. 2026 жылдың басынан бері полицияға отбасылық жанжалдарға қатысты төрт мыңнан астам хабарлама келіп түскен.

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көп.

Профилактикалық жұмыстар күшейтілгеніне қарамастан, мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, отбасындағы зорлық-зомбылықтан тек ерлі-зайыптылар ғана емес, ата-аналар, балалар және өзге де туыстар зардап шегеді.

Осындай оқиғалардың бірін Шымкент тұрғыны айтып берді. Оның сөзінше, ол төрт жыл бойы өзінің 40 жастағы ұлының зорлығына төзуге мәжбүр болған.

Әйелдің айтуынша, ұлы ішімдікке салынып кеткен. Үнемі үйде жанжал шығарып, мүлікті қиратып, тіпті арақ сатып алу үшін үйдегі заттарды сатып жіберген.

«Бұрын ешкімнің сөзін тыңдамайтын. Өте көп ішетін. Үйге мас болып келіп, қолына түскеннің бәрін қиратып тастайтын. Апталап дұрыс ұйықтай алмайтынбыз. Алғашында арақ алу үшін үйдегі заттарды да сатып жіберетін. Кейін біртіндеп түзеле бастады. Қазір ондайды қойды. Өзі қиратқан қоршаулардың бәрін кейін өзі қалпына келтірді. Қазір жағдай әлдеқайда жақсы», – дейді әйел.

Полицияның мәліметінше, көмекке көбіне әйелдер жүгінеді. Дегенмен соңғы уақытта ересек балалардың ата-анасына күш көрсету фактілері де жиілеп келеді. Сондай-ақ әйелдердің жұбайларына қатысты зорлық-зомбылық жасайтын жағдайлары да кездеседі.

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Әсел Әбжаппарованың айтуынша, полиция қызметкерлері күн сайын профилактикалық іс-шаралар жүргізіп, зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетеді, әкімшілік материалдарды рәсімдейді және ауыр қылмыстардың алдын алу үшін қажетті шараларды қабылдайды.

Мамандардың айтуынша, отбасындағы жанжалдардың негізгі себептері қатарында қаржылық қиындықтар, жұмыссыздық және алкогольге тәуелділік бар. Көп жағдайда дәл осы факторлар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және отбасының ыдырауына алып келеді.

Жастар ресурстық орталығының психологиялық бөлімінің жетекшісі Айгүл Қанатқызының айтуынша, мұндай жанжалдар туындайтын отбасылардың басым бөлігінде мәселе ең алдымен қаржының жетіспеуі мен тұрақты табыстың болмауынан басталады.

Қазір отбасылық-тұрмыстық жанжал туралы шақыртуға полиция қызметкерлерімен бірге психологтар да барады. Олар жағдайды бағалап, зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсетеді және қандай әлеуметтік көмек алуға болатынын түсіндіреді.

Сарапшылардың пікірінше, дер кезінде көрсетілген көмек тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталану қаупін азайтып, ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді.