Қазақстанда «Астана» атауымен жаңа автобус бренді шығарылады

Фото: gov.kz

Дизельді және газбен жүретін автобустардың өндірісі биыл қарашада, электр автобустары 2027 жылы іске қосылады

Қазақстанда жаңа отандық автобус бренді іске қосылып, автокөлік өндірісінің түрлері кеңейеді. Бұл туралы Үкімет отырысында «Астана Моторс» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұлов мәлімдеді. 

Оның айтуынша, компанияның басым жобаларының бірі – «Астана» атауымен жаңа автобустарды өндіріске шығару.

Жоба Қытайдағы технологиялық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда. Автобустарды құрастыру кезінде әлемдік жетекші өндірушілердің бөлшектері пайдаланылады. Сонымен қатар көліктің сыртқы келбетін әзірлеуге қазақстандық инженерлер де қатысып, барлық өндіріс процесі еліміздің аумағында ұйымдастырылады, – деді Нұрлан Смағұлов.

Компания басшысының мәліметінше, дизель және газбен жүретін автобустарды сериялық шығару осы жылдың қараша айына жоспарланған.

Бұдан бөлек, BYD компаниясымен бірлесіп жаңа буындағы аккумуляторлық батареялармен жабдықталған электр көліктері әзірленіп жатыр. Ал «Астана» маркалы электр автобустарын конвейерден шығару 2027 жылдың наурыз айында басталады деп жоспарлануда.