Ақмола облысында әрбір бесінші отбасы мобильді интернетсіз отыр

Фото: istockphoto.com

Ал интернетпен 100 пайыз қамтылған өңірлер ретінде Абай, Атырау, Түркістан облыстары және Астана қаласы аталған

Қазақстанда отбасылардың 96,7 пайызы мобильді интернетке қосылған. Алайда өңірлер арасында әлі де цифрлық әлеуетке қол жеткізбегендері бар. Мәселен, Ақмола облысында шамамен әрбір бесінші отбасының мобильді интернет қолдану мүмкіндігі жоқ.

«Мобильді байланыс пен интернет мемлекеттік және қаржылық қызметтерді пайдалану, қашықтан оқу, жұмыс істеу, онлайн сауда жасау және басқа да цифрлық сервистерге қол жеткізу үшін қажет негізгі инфрақұрылым саналады. Сондықтан мобильді интернеттің қолжетімділігі халықтың өмір сүру сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің біріне айналды», – дейді зерттеу авторлары.

Finprom мәліметінше, былтыр бұл көрсеткіш 96,2 пайыз болса, биыл 96,7 пайызға жеткен. Алайда сарапшылар бұл орташа көрсеткіш өңірлердегі нақты жағдайды толық көрсете бермейтінін айтып отыр.

«Республика бойынша көрсеткіш жоғары болғанымен, өңірлер арасындағы айырмашылық әлі де бар», – делінген зерттеуде.

Мобильді интернетпен қамту деңгейі 100 пайыз болған өңірлер қатарында Абай, Атырау, Түркістан облыстары және Астана қаласы бар. Орташа республикалық деңгейден жоғары нәтиже Маңғыстау, Қарағанды, Алматы, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында, сондай-ақ Алматы мен Шымкентте тіркелген. Ал ең төмен көрсеткіш Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарына тиесілі.

«Ақмола облысында мобильді интернетке жергілікті халықтың небәрі 81,2 пайызы ғана қосылған. Демек, өңірдегі әрбір бесінші отбасы мобильді интернетті пайдаланбайды», – дейді зерттеу авторлары.

Олардың пікірінше, мұндай айырмашылыққа байланыс қызметінің қымбаттауы, тарифтердің өсуі, кейбір тұрғындардың заманауи смартфондарға қол жеткізе алмауы және жекелеген елді мекендерде желінің толық қамтылмауы себеп болуы мүмкін.

Зерттеу авторлары мәліметтердің шамамен 12 мың үй шаруашылығына жүргізілген іріктемелі сауалнамаға негізделгенін, сондықтан бұл тұтас статистикалық бақылаудың нәтижесі емес екенін де атап өткен.