Нұрай Серікбайдың ісі: Алдын ала сот тыңдауы кейінге қалдырылды

Айыпталушы сотқа келмеді. Бүгін Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша алғашқы алдын ала сот тыңдауы өтуі керек болатын.

Судья Шерхан Аймаханның денсаулық жағдайына байланысты кейінге шегерілгенін мәлімдеді.

САММИДИН ТЕМІРӘЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

По состоянию здоровье не может посещать суд, деген. Қазір біз сотталушының жоқтығында сот отырысын бастауға мүмкіндігіміз бар ма, жоқ па?! Пікірлеріңіз... Құрметті прокурор... – Мүмкіншілік жоқ! –Құрметті тараптар.

Жәбірленуші тараптың өкілдері сотталушының денсаулығы туралы берілген анықтамамен әлі толық танысып үлгермегенін айтты. Тараптар тиісті мекеме мен емдеу ұйымдарына ресми сұрау салып, диагноз бен емделу мерзімін анықтамақ. Айта кетейік, айыпталушы тараптың қорғаушылары  қоғамдық резонанс тудырған бұл істі БАҚ-та жариялауға тыйым салуды және процесті алқабилерсіз қарауды сұрап, өтінішхат түсірді. Ал марқұм Нұрай Серікбайдың отбасының адвокаты Аянхан Омаров сот процесін барынша ашық өткізуді сұрап, оның бұқаралық ақпарат құралдарында тікелей көрсетілуін өтінді.

АЯНХАН ОМАРОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ  ОТБАСЫНЫҢ  АДВОКАТЫ:

Осындай жағдайға тап болғанда не істеу керек және сондай жағдайға душар болмау үшін алдын алу профилактикасын халық білсе екен деген сондай оймен айтып отырмыз. Әрине, бұл жерде Нұрай қызымыз кетті. Оны ешкім қайтара алмайды. Бірақ , осындай жағдай елімізде ешқандай отбасына тап болмасын, алды алынсын деген мақсатпен ғана Нұрай Серікбайдың отбасының талабын мен қазір жеткізіп отырмын. Сол үшін тікелей эфирде өткізуді сұрап жатырмыз.