Атырау облысы тұрғындары тышқан қаптаған мектепті күрделі жөндеуден өткізуді талап етті. Махамбет ауданына қарасты Талдыкөл ауылы халқы білім ордасына жиналып, шағымдарын айтты. Екі жыл бұрын тасқын су ортасында қалған ауылдағы мектептің едені түсіп, қабырғасы жарылып жатыр дейді. Ал былтыр тышқан қаптағалы жағымсыз иістен арылмапты. Биліктегілер болса, қаржы бөлінсе де, күрделі жөндеуге рұқсат бермей қойған.
Талдыкөлдіктердің талабы біреу: мектепті күрделі жөндеуден өткізу. Ғимарат жаңа оқу жылына мүлдем дайын емес,- дейді. 2024 жылы ауыл тасқын су ортасында қалғаннан кейін пайдалануға берілгеніне 16 жыл болған білім ұясының сау тамтығы қалмаған.
АҚКЕНЖЕ САТАШЕВА, ТАЛДЫКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Есіктен бастап кірсең, қазір кіруге тіпті мүмкіндік жоқ, баяғы тышқанның иісі деген, ана астында подвалда шіріп жатыр ғой, неше түрлі тышқандар. Содан енді бер жағына иісі тегін білініп, отыруға, сабақ өтуге тіпті мүмкіндік жоқ, өте қиын.Тазалығы жоқ, ремонты жоқ.
ЖҰМАГҮЛ СҰЛТАНОВА, ТАЛДЫКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
3-этаждан тамшылап, кәдімгідей су ағып, төбенің бәрін құлатып, партаға, жерге құлап тұр судың бәрі. Іште күй жоқ, бізге ремонт керек үлкен! Қазіргі уақытта мектепте текущий ремонт болып жатыр, ол да жаңағыдай тек қалай болса солай, сөздің шыны керек, ақтап, сырлап өтіп кету ғой болды.
Былтыр ауылды тышқан қаптап, мектеп екі ай онлайнға көшкен еді. Кеміргіштерді улаған соң еден астындағы өлекселерді түгел жинау мүмкін болмаған. Тышқан аз болғандай, білім ордасында жылан да жиі көрініп жүр,- дейді жұрт.
БАЗАРГҮЛ НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Білім ордасына қазір ағымдағы жөндеу жүріп жатыр. Бірақ онысы еш байқалмайды. Жаңбыр суы аққан жерлер сол күйі сарғайып тұр. Қуыс тесіктен тышқан өлексесі әлі күнге дейін шығып жатыр.
Аудандық білім бөлімі басшысы да тозығы жеткен ғимаратты ағымдағы жөндеумен сылап қою пайдасыз,- дейді. Сумен жабдықтау, кәріз, жылу жүйесіндегі ақау, антисанитариялық жағдай білім мен тәрбие жұмысына кедергі келтіретінін айтып, тиісті орындарға хат та жолдаған. Нәтижесінде жобалық-сметалық құжат жасалып, 811 млн теңге жоспарланыпты. Бірақ жеме-жемге келгенде жөндеу тоқтап қалған.
ВЕНЕРА ҚАБЫШЕВА, МАХАМБЕТ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
2026 жылға реновацияға жоспарланған болғандықтан, бюджеттен қазіргі таңда осы қаражаттың құнының 80%-ы бөлініп, ауданның бюджетінде 649 миллион 444 мың теңгеге тұр шотта. Бірақ осы наурыз айының аяғында біз конкурсқа, мемлекеттік сатып алу порталына конкурсқа жариялауға берілді құжаттардың бәрін, бірақ рұқсат берілмей қалды.
Мамандар күрделі жөндеу жұмысы бюджет тапшылығына байланысты тоқтағанын айтады. Табалдырықтан аттағаннан-ақ тышқан өлексесі сасыған мектепке жаңа оқу жылына санитарлық-эпидемиолог мамандар рұқсат бере ме, жоқ па, беймәлім. Олар бұған дейін білім ордасына бірнеше ескерту жасаған.