Италия азаматы Қазақстан полициясына алғыс білдірді

фото: polisia.kz

Кейде бір ғана жылы жүз бен ізгі қарым-қатынас тұтас бір ел туралы алғашқы әсерді қалыптастырады. Адам жадында дәл осындай қарапайым, бірақ шынайы сәттер ұзақ сақталады.

Әлемді мотоциклімен аралап жүрген Италия азаматы Қазақстандағы сапарын Батыс Қазақстан облысынан бастады. Жол үстінде оны патрульдік полиция қызметкерлері Данияр Халитов пен Руслан Турсунов қарсы алып, еліміздегі жол қозғалысы ережелерін жан-жақты түсіндіріп, алдағы бағыты бойынша қажетті кеңес берді.

Бір қарағанда бұл – полиция қызметкерлерінің күнделікті атқаратын міндеті. Алайда шетелдік саяхатшы үшін бұл Қазақстан туралы жылы әсер қалыптастырған ерекше кездесу болды.

 Кеше Қазақстан жеріне өткеннен кейін жергілікті полиция қызметкерлері мені өте жылы қарсы алды. Олар жол қозғалысы ережелерін түсіндіріп, осы тамаша елде қауіпсіз саяхаттауыма көмектесті. Сіздерге көп рақмет! – деді шетелдік саяхатшы.

Қазақстанға келген әрбір қонақ үшін қауіпсіздік пен сенім – ең маңызды құндылықтардың бірі. Ал Батыс Қазақстан облысының патрульдік полиция қызметкерлері күн сайын жолдағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің қонақжайлығы мен адамгершілік қасиеттерін де өз істерімен айқын көрсетіп келеді.