Аида Балаева: Донорлық мәселесінде қысым мен айыптауға жол берілмеуі керек

фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ағза трансплантациясы туралы ой бөлісіп, қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты жеке өзі қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бір адамның шешімі екінші адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін.

Бұл туралы Аида Балаева «Хабар» агенттігі дайындаған «4739» деректі фильмін көргеннен кейін  әлеуметтік желідегі  парақшасында жазды.

Вице-премьердің айтуынша, адам өмірі – ең басты құндылық, ал трансплантация тақырыбы тек медициналық технологияларға ғана емес, сонымен бірге аман қалуды күтіп жүрген жандардың тағдырына тікелей қатысты.

“Хабар” арнасы түсірген «4739» деректі фильмін көріп отырып, осы ақиқаттың қаншалықты терең, қаншалықты маңызды екеніне тағы бір рет көз жеткізгендеймін. Сөз жоқ, бұл фильм біздің адам өмірін сақтаудағы технологиялық мүмкіндіктерге ғана емес, ең алдымен әр адамға тән үміт пен өмірге құштарлық, жүрек жылатар өкініш пен қуаныш, рухани күрес сияқты үлкен сезімдерге көзімізді қайта ашқандай”,– деп жазды Аида Балаева.

Ол бүгінгі таңда Қазақстанда 4 739 адам ағза ауыстыру кезегін күтіп отырғанын, олардың 125-і – балалар екенін атап өтті.

Вице-премьердің мәліметінше, елдегі ағза ауыстыру операцияларының шамамен 90%-ы тиісті туысқан донорлардың арқасында жүзеге асырылады, ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10%-дан да аз.

Аида Балаева донор болу шешімі әркімнің тек жеке таңдауы екенін және бұл ешқандай қысымсыз немесе айыптаусыз қабылдануы тиіс екенін баса айтты.

“Меніңше, бұл тақырыпта ең маңыздысы – екі тараптың да жағдайын түсіне білу. Бір жағында – ағза күтіп, өмірден үмітін үзбей жүрген адамдар болса, екінші жағында – ең жақын адамынан айырылып, орны толмас қайғыны бастан кешіп жатқан отбасы тұр. Сондықтан осы екі жағдайдың арасындағы нәзік шекара әрдайым сақталуы керек. Бұл жерде ешқандай қысым да, айыптау да болмауы тиіс. Тек әр адамның таңдауы мен әр отбасының шешіміне деген құрмет болуы қажет”, – деп атап өтті.

Сондай-ақ вице-премьер өзінің жеке ұстанымын да білдірді.

“Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді”, – деді Балаева.

Оның айтуынша, трансплантация тақырыбын үрей мен қорқыныш арқылы емес, түсіністік, жауапкершілік және адам өміріне деген құрмет арқылы талқылау қажет.

Айта кетейік, «4739» деректі фильмін 24 шілдеде сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көруге болады.