Қарағандыда велосипед ұрлап, зейнеткерді тонаған күдікті ұсталды. Ол 67 жастағы қала тұрғыны дүкеннен үйіне қайтып келе жатқан кезде артынан жүгіріп келіп, мойнындағы алтын алқасын жұлып алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші бірден полицияға хабарласып, күдіктінің сыртқы келбетін жан-жақты сипаттап берген. Алынған бағдардың арқасында тәртіп сақшылары оның жеке басын және жүрген жерін қысқа уақыт ішінде анықтады. Зейнеткерге келтірілген материалдық шығын 400 мың теңге. Тергеу барысында күдіктінің осы оқиғаға дейін велосипед ұрлағаны да белгілі болды.
ЖАНСАЯ ЖҮНІСОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПД АҚПАРАТТЫҚ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Ұсталған 30 жастағы қала тұрғыны өз кінәсін толық мойындап, ұрланған алтын алқаны ломбардқа өткізіп үлгергенін айтқан. Полицейлер зергерлік бұйымды айғақты зат ретінде тәркіледі.Ұрланған велосипедтің заңды иелері анықталып, өз мүліктерін таныды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.