16 адам ұсталды: Қарағандыда супермаркет маңында болған төбелеске полиция араласты

Polisia.kz

Қарағанды қаласындағы бір супермаркеттің жанында жастар тобы жиналып, олардың арасында қақтығыс шығуы мүмкін деген хабарлама полицияға түскен.

Оқиға орнына жедел түрде полиция қызметкерлері жетіп, жағдайдың одан әрі шиеленісуіне жол бермей, құқыққа қайшы әрекеттің алдын алған.

Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбада бірнеше адамның супермаркет жанындағы асфальтта жатқаны, ал олардың қасында арнайы жасақ қызметкерлерінің тұрғаны көрінеді.

Барлық мән-жайды анықтау мақсатында аумақтық полиция бөліміне 16 адам жеткізілген. Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр, оның нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданбақ.

Қарағанды облысы полиция департаменті қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған кез келген әрекеттің ерекше бақылауда екенін еске салады. Полиция мұндай хабарламаларға болашақта да жедел түрде әрекет етіп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қолдана беретінін мәлімдеді.