Банкке 25,5 трлн қарыз: Қазақстандықтардың несие алуы азаймай тұр

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2026

Қазақстандықтардың банктер алдындағы қарызы 25 триллион теңгеден асып кеткен. Ал 3 айдан асырып, қарызын кешіктіргендердің берешегі 1,9 триллион теңгеге жетіпті. Проблемалық қарыздардың көбі халыққа берілген несиелерге тиесілі екен.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Ең жылдам шешім деп, келіп несие аламыз. Қол қою, бірнеше минут... Банк мақұлдаса болды ақша шотқа түседі. Солай жүргенде банктерге берешегіміз 25 триллионнан асып түсіпті. Адамдар көбіне қарызды қандай мақсатта алып жатыр? Ең көп несие алғандар қай өңірдің тұрғындары?

Қазақстандықтардың банктерден алатын несиесі азаймай тұр. Ұлттық банк биылғы жылдың бастапқы 5 айындағы статистиканы жариялады. Берілген несиелердің басым бөлігін бұрынғысынша тұтынушылық қарыздар құрап тұр, 17,1 трлн теңге. Үй сатып алуға сұраған халықтың қарызы 7,3 трлн, басқа мақсаттарға рәсімделген қарыздар 1,08 трлн теңге болған.

БЛИЦ:

- Шешем бар, жұбайым бар, өзім бар, үшеуіміз жабылып төлейміз ғой, 5 миллионды. +Амал жасап, әйтеуір төлейміз, не істейміз енді?

- Меніңше, жастар шамаларын ескермей, несиені көп алады, сосын қайтара алмай қалады. Аз болса да ақшаны депозитке салу керек. Сонда өзіңе пайыз түсіп тұрады

-  Қазіргі заманда инфляция деген бар ғой, сол инфляцияға байланысты шығар, мүмкін. Әрбір, әр жыл сайын, жетіспеушілік ондай болады.

Тұтынушылық несие қарыздары көп дегенмен, ең жылдам өсіп жатқан несие түрі ипотека. Жыл басынан 5,3 пайызға көтеріліпті. Ол тұтынушылық несиелерден 2 есе көп болып тұр. Алайда мамандар ипотека аларда да сақ болу қажет екенін айтады.

ВЕНЕРА ЖАНАЛИНА, ҚАРЖЫГЕР:

Тек жарнамадағы пайызға қарап шешім қабылдауға болмайды. Несиені аларда оның жалпы қанша ақшаға түсетінін, яғни барлық қосымша төлемдермен бірге толық құнын есептеу керек. Комиссиялар, сақтандыру және басқа да төлемдерді ескеріп, ай сайынғы төлемнің өз табысыңызға сай келетінін бағалау маңызды. Бізде ипотека алушылар көбейіп жатса, сонда да халқымыздың қаржылық сауаттылығы артты деп айта алмаймын.

Банктерге ең көп берешегі барлар Алматы қаласының тұрғындары. Несие көлемі 7,54 триллион теңге. Екінші астаналықтар, 4,17 триллион теңге өтеу керек.Үшінші орында - Шымкент 2,03 триллион теңге. Осылайша 3 мегаполис халық қарызының жартысынан астамын құрады.

ӘЙГЕРІМ АЙДАРБЕК, ЭКОНОМИСТ:

25 триллион деген сумма үлкен көрінгенімен, бірақ қазіргі экономикалық жағдайға қарағанда, ол қалыпты норма болып саналады. Несие негізі жақсы құрал болып табылады, егер оны дұрыс қолданса. Банк ол ешқашан ұтылмайды, себебі оның процентный ставкалары да өте көп қазіргі таңда. Сол үшін ол банкке емес жауапкершілік, ол ең бірінші сол адам өзінің табысына қарай несиені ойланып алғаны жөн.

Мамандар бүгінгі күні қаражатты жұмсағаннан гөрі жинақтаған тиімді екенін айтады. Несиеден гөрі, депозитке салып, тәуелсіз-ақ каптиалды көтеруге болады дейді.