65 жастан асқандар кредит рәсімдеу үшін банкке баруы керек

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2026

Кредитті зейнеткерлер көп алатын болған. Қажеттіліктен емес, алаяқтардың құрған қақпанына түсіп қалатындықтан. Сондықтан қарияларға енді онлайн несие берілмейді. Олар банкке барып, рәсімдеу міндеттелмек. Жаңа жүйе алаяқтардан құтқара ала ма? Сержан Айтжан айтады.

Технология дамыған сайын алаяқтардың да айласы түрленіп барады. Бір ғана SMS хабарламаға сеніп қалған адамның миллиондаған теңге қарызға батуы бүгінде таңсық емес. Солардың бірі кейіпкеріміз. Өзін Зайни деп атауды өтінді. Ол телефонына келген хабарламаға алаңдап, 2 миллион теңге несие қарызға батқан.

ЗАЙНИ ЕЛОРДА, ТҰРҒЫНЫ:

Мен телефонда көп отырмаймын. Содан кейін маған цоннан код келу керек. Содан мен автоматический басып қалдым. И потом приходит вы взяли 2 миллиона кредит. Соны енді төлеп жатырмын.

Кейінгі жылдары мұндай оқиғалар жиілеген. Алаяқтар өздерін банк қызметкері, полиция немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, азаматтарды алдап, онлайн несие рәсімдетеді. Әсіресе егде жастағылар жиі құрбан болады. Сондықтан жаңа талапқа сәйкес зейнет жасындағы азаматтар енді онлайн түрде несие ала алмайды.

ЕРЛАН АШЫҚБЕКОВ, ҚР ҰБ ТӨЛЕМ ЖҮЙЕЛЕРІ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ҚАРЖЫ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бір мезетте бірнеше кредит алуға заявка берді. Бұндай оқыс оқиға немесе әрекет бұл клиентке тән емес. Сондай жағдайлар орын алған болса, біздің жасалып жатқан жүйе бұны ескереді де, алдын ала сол клиенттің алаяқтыққа ілінбесі үшін алаяқтық операцияларға клиентпен байланыса отырып және сол клиенттке ескерте отырып, операцияларды тосқауыл қоюға мүмкіндік алады.

Ал кибералаяқтықтың құрбаны болған адам, дереу полицияға жүгіну керек. Себебі болған әрекетті тіркеп, жауаптылар жәбірленуші анықтамасын береді. Ол құжат арқылы банкке барғаннан кейін, несиесі болса, оны 6 айға дейін шегеруге мүмкіндік бар.

НҰРСҰЛТАН ОРЫНБЕК, ЗАҢГЕР:

Киберпол қызметі арқылы шотына бірінші кезекте қорғау үшін арнайы банкке хабарлама жібереді. Және де шотынан кімге ақша кетті. Дропперлер деп отырмыз. Соларды арнайы антифрод деген жүйе бар. Сол арқылы ақшаны ары қарай жылыстатпай үшін болмаса оларды да кейін алаяқтық істерге тағы да араласпау үшін бұғаттау қояды.

Бір ғана қоңыраудың кесірінен миллиондаған теңге қарызға батқандар аз емес. Сондықтан жаңа талап зейнеткерлердің қаржысын шектеу емес, алаяқтардың тұзағынан қорғауға бағытталған маңызды қадам.