Алматы облысында 30-дан астам адам көлігінен айырылды

  • AstanaTV
  • 23 шілде 2026

Алматы облысында автосалон арқылы көлігін сатпақ болған 30-дан астам тұрғын сан соғып қалды. Айтуларынша, екі апта ішінде сатып, ақшасын аударып береміз деген орталық темір тұлпарларды өз атына рәсімдеп алған соң байланысқа шықпай кеткен. Зардап шеккендердің сөзінше, кейбір көліктер ломбардқа кепілге қойылса, енді бірі бірнеше адамның қолына өтіп кеткен. Қазір көлігінен де, қаржысынан да айырылған тұрғындар құқық қорғау органдарына жүгініп отыр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Ғазиза Әмірбек анықтап көрді.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:           

Жәбірленушілердің айтуынша, автосалон қызметкерлері клиенттің бәріне көлікті жылдам сатып, ақшасын 2 аптада саламыз деген. Бірақ оны өз аттарына аударған соң бос уәдемен тойдырып, ақырында хабарсыз кетті дейді. Енді көлік те, ақша да жоқ.

Автосалон қызметкерлері көлікті нарықтағы бағасынан түсірмей, қысқа мерзімде сатып береміз деген уәдемен қызықтырған. Соған сенген тұрғындар темір тұлпарларын автосалон директорының атына рәсімдеп, кілті мен құжаттарын тапсырған. Келісім бойынша сатылымнан түскен қаржы екі апта ішінде берілуі тиіс болған. Алайда арада айлар өтсе де, ақшасын алған ешкім жоқ. Зардап шеккендердің арасында құны 3 миллион теңгелік көлігін өткізгендер де, бағасы 20 миллион теңгеден асатын темір тұлпарын тапсырғандар да бар.

ВАЛЕРИЙ ЛАВРИК, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Өздеріңізге ыңғайлы болады деп көлікті автосалонның директорының атына ауыстырды. Сосын қолымызға құжат берді. Менеджерлер де мені көндіріп уәдесін үйіп-төкті. Келісімшарт бойынша олар 2 аптаға жетпей көлігімді сатып, ақшасын қолыма ұстатуы тиіс еді. Бірақ түбіне келгенде не машинам жоқ, не пайдасы жоқ. Ал өздері қазір кеңсесін жауып, қызметін тоқтатқан.

АЗИЗА АБДУХАИМОВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Договор бәрі бар. Ақшасы жоқ. Біз кезінде көлікті 8 миллионға сатып алып, одан төмен бағаға саттық. 6 миллион теңгеге. Соны да ала алмай отырмыз. Сол ақша да жоқ. Күнде айтатыны "Ертең, ертең, осы күні болып қалады" деді. Қазіргі уақытта сатылып кеткен уже, қайда екенін білмейміз.

Автосалонға алдандым дегендердің арасында өзге өңірлерден келген азаматтар да бар. Олар орталықпен бірі жарнама арқылы, енді бірі таныстарының ұсынысымен байланыс орнатқанын айтады. Қазір кеңсе жабық, ал кейбір көліктер сол ғимаратта тұрғанымен, иелері оған қол жеткізе алмай отыр. Енді көлігін де, қаржысын да қайтара алмаған тұрғындар полицияға арыз жазып, заң аясында шешімін табуға тырысып жатыр.

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Қылмыстық іс аясында негізгі күдікті мен оның болжамды сыбайластары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің толық кешені жүргізілуде. Тергеудің толықтығын, жан-жақтылығын және объективтілігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы тергеу-жедел тобы құрылды.

Жәбірленушілер автосалоннан көліктерінің құнын толық қайтаруды талап етеді. Сондай-ақ дау тудырған орталықтың жұмысына құқықтық баға беріліп, тиісті шара қолданылуы керек дейді.