Құрылтайға депутат болғысы келетін үміткерлер үшін нақты талаптар белгіленген. Жасы, елде тұрақты тұру мерзімі және өзге де критерийлер заңмен айқындалған. Бұл талаптар қандай? Жаңа сайлау жүйесінің ерекшелігі неде? Әріптесім тарқатып айтады.
Жаңа Құрылтайдың құрамында 145 депутат болады. Депутаттарға қойылатын негізгі талаптар бұрынғы Мәжіліс депутаттарына қойылған талаптармен бірдей. Яғни, жасы 25 жасқа толған, Қазақстан Республикасының азаматы және соңғы 10 жылда ел аумағында тұрақты тұрған азамат болуы шарт. Қосымша талаптар конституциялық заңмен белгіленген. Сайлау толықтай партиялық тізімдер арқылы өтеді. Яғни, сайлаушылар жеке кандидатқа емес, саяси партияға дауыс береді. Мамандардың пікірінше, мұндай жүйе партиялардың жауапкершілігін арттырып, олардың қоғам алдындағы саяси салмағын күшейтуге бағытталған. Жастардың партиялық тізімнен лайықты орын алуы Құрылтайдың қоғамдағы беделіне тікелей әсер етеді.
РИЗЗАТ ТАСЫМ, ИНСТИТУЦИОНАЛДЫ ТАЛДАУ ЖӘНЕ РЕФОРМАЛАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Құрылтай саяси институт ретінде одан бөлек ұрпақ аралық үйлесімді де қамтамасыз ете алу керек. ал ол тікелей партиялардың ұсынып отырған тізімдеріне байланысты. Ертең кейін сайлаудан кейін мандатқа қатысты шынымен де жас буынды саяси билікке жақындата ма жақындатпай ма деген сұрақтар туындайды. Егер жас буын кіре алмаса автоматты түрде қоғам тарапынан әсіресе жастар тарапынан партиялардың өзінде болсын, Құрылтайдың өзінде болсын қысым ұлғая түседі.
Алдағы бір айда партиялар кандидаттарын таныстырып, өңірлерде кездесулер өткізеді, пікірсайыстарға қатысады. Саясаттанушылардың айтуынша, дәл осы кезең олар халықпен нақты жұмыс істеуге қаншалықты дайын екенін көрсетеді.
ЕЛНАР БЕРІКБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Партияның бағдарламасы халыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы тиіс. Осы мақсатта қоғамдық қабылдаулар тиімді жұмыс істейтін нақты тетікке айналуы қажет. Соның нәтижесінде қоғамның саяси партияларға деген сенімі нығая түседі. Осыған байланысты Президент партияларды белсенді болуға, халықпен етене жұмыс істеуге, азаматтардың мәселесін шешуге атсалысуға және халық пен саяси шешім қабылдайтын билік арасындағы алтын көпір қызметін атқаруға шақырды.
Сарапшылардың пікірінше, сайлаушының сеніміне тек уәдемен емес, нақты ұсыныстармен және қоғаммен ашық диалог арқылы ғана ие болуға болады. Сондықтан бұл науқан партиялардың саяси бәсекеге қаншалықты дайын екенін айқындайтын маңызды кезеңге айналмақ.