"Балалы болдық": Дариға Бадықова көпшіліктен сүйінші сұрады

Фото: Instagram.com/dariga_badykova

Қазақстандық актриса әрі кинопродюсер Дариға Бадықова көпшілікті тебіренткен қуанышты жаңалығын бөлісті. Өнер иесі өзінің қолдауымен бір отбасының көптен күткен сәби сүйгенін айтып, қуанышын жасырмады. 

Актрисаның айтуынша, ол 2025 жылы “Мәриям” қорына хабарласып, есту қабілеті төмен әрі сөйлей алмайтын ерлі-зайыптылардың ата-ана атануына көмектесуді мақсат еткен.

Дариға Бадықова алғашқы жүктілік сәтсіз аяқталғанын, алайда дәрігерлер үміт үзбей емдеуді жалғастырғанын айтты.

“Біріншісі түсік болды. Бірақ дәрігерлер қол сілтеп қойған жоқ. Бар күшін салып, емдеді. Бесінші подсадкадан кейін көтерді. Міне, бір отбасы балалы болды. Шүкір!” – деп жазды актриса.

Ол мұндай жаңалықтың өзін ерекше қуантқанын айтып, кәсіби дәрігерлердің еңбегіне ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар актриса сәби сүюді армандаған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында “Мәриям” қорына тұрақты түрде садақа аударып тұратынын жеткізді.

“Балалы болғысы келетін жандарға кішкентай болса да көмегім тисін деймін. Жақсы адамдардың жүзі жадырап, қуансын. Жұғысты болсын!” – деп жазды Дариға Бадықова.